Қазақстан билігі журналист Данияр Әділбековтің апелляция шағымының әділ қаралуына жағдай жасауы керек деп мәлімдеді Халықаралық адам құқығын қорғайтын Human Rights Watch ұйымы. 28 қараша күнгі мәлімдемесінде HRW Астананы заңнаманы өзгертіп, журналистерді қорғауға шақырған.
Астана соты қазанда Данияр Әділбековті "Көрінеу жалған сөз жеткізу" (419-бап 3-бөлігі) және "Көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап 2-бөлігі) баптары бойынша кінәлі деп танып, 4,5 жылға бас бостандығынан айырған. Журналистің сотқа тартылуына "Дикая орда" деп аталатын телеграм-арнасындағы жазбасы түрткі болған. Журналиске энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, Астана әуежайының басшысы Юсуф Рашед Алджавдер және El Media басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева туралы жазбаларына қатысты айып тағылған.
Бірінші инстанцияда Әділбеков тағылған айыптауларды жоққа шығарды. Ол апелляциялық шағым түсірген.
Human Rights Watch Әділбековке шыққан үкімді "беделге нұқсан келтіргені үшін берілген орынсыз жаза" деп санайды. Ұйымның зерттеушісі Мира Риттманн жаза "Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелеріне сәйкес емес" деп мәлімдеді. Ол Қазақстан билігін "апелляциялық тыңдауды әділ өткізіп, Әділбековті босатуға" үндеді.
"Түрме пікір айту құқығымен байланысты ережебұзушылық үшін қолайлы жаза емес және Қазақстандағы тәуелсіз журналистикаға салқынын тигізеді" деді Риттманн.
Мамырдың басында оннан астам қазақстандық журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен қауіпсіздік органдарына қайырылып, Әділбековті босатып, қылмыстық істі әділ тергеуге үндеген.
Әділбеков мамыр айында ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қысымы мен азаптауы туралы мәлімдеген. Әділбековтың айтуынша, ҰҚК қызметкерлері "басқа әріптестеріңді ғайбаттасаң, жеңіл жаза береміз" деген. Одан бас тартқан соң жалған айыппен анасы мен әйеліне қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқан. Артынша арнайы қызмет бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.