Accessibility links

Путин мемлекеттік сапармен Астанаға келді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында Ресей басшысы Владимир Путинді қарсы алды. Астана, 27 қараша 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында Ресей басшысы Владимир Путинді қарсы алды. Астана, 27 қараша 2024 жыл.

27 қарашада кешке Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Астана әуежайында оны Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды деп хабарлады Ақорда.

Ресми ақпаратқа қарағанда, әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеген. Ақорда таратқан суретте аспанда Ресей жалауының түсі түстес түтін қалдырған әскери ұшақтар ұшып жүргені көрінеді.

“Қазақстан мен Ресей халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті және Владимир Путин бастаған Ресей делегациясына ілтипат білдіріп, өлең оқыды” деп жазылған ресми хабарламада.

АЭС салу, газ тасымалдау, Украинадағы ахуал және "гуманитарлық әріптестік" – сапар барысында ашық және жабық талқылануы мүмкін мәселелердің бір бөлігі. Ресей басшысының сапары Астана үшін баланс табу қиындай түскен аса күрделі геосаяси жағдайда өтіп жатыр. Сарапшылардың пайымдауынша, басқыншылық тақырыбы және оның салдары Путин мен Тоқаевтың жабық өтетін келіссөздерінде көтерілетін негізгі тақырыптардың бірі болуы мүмкін.

Путиннің Қазақстанға 35-сапары Ресейдің Украинаға қарсы соғысы шиеленісіп тұрған шақта өтіп жатыр. Украина аумағына тұрақты түрде бомба тастап, зымыран және дрондармен шабуылдайтын Мәскеу 21 қараша күні алғаш рет орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық зымыранмен соққы жасады. Ресейдің мәлімдеуінше, Украинада сыналған гипердыбыстық "Орешник" зымыраны ядролық бомба тасымалдай алады. Путин мұны Украинаға АҚШ және британдық зымырандармен Ресей жерін атқылауға берген рұқсатқа қарымта соққы деп атады. Батыс сарапшылары Мәскеудің Днепр қаласына жасаған бұл шабуылын Киев пен оған қару жеткізуші АҚШ және Еуропа елдерін қорқытып-үркіту әрекеті деп бағалады.

Ресейдің одақтасы Қазақстан Украинаға басқыншылықты айыптаған жоқ, құптаған да жоқ. Астана Мәскеу аннексиялап алған Украинаның облыстарын Ресей жері деп мойындаған жоқ. Қазақстан билігі көпвекторлы сыртқы саясат туралы жиі айтады. Бірақ Қазақстан екі ірі көрші Қытай және Ресеймен интеграциялық саяси бірлестіктерге мүше және экономикалық жағынан айтарлықтай тәуелді. Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы тасымалданады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG