"ПУТИН ҚАЗАҚСТАН ӘЛІ ДЕ РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛ АЙМАҒЫНДА ЕКЕНІН КӨРСЕТКІСІ КЕЛЕДІ"
Қазақстан – Владимир Путиннің ұшағы Ресейден шет жерде ең көп қонатын ел. Билік басында отырған ширек ғасыр ішінде Путин әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы бөліп тұрған көрші елге 30-дан астам рет келді.
Қазақстанға 31 сапарды ол президент ретінде, үш сапарды премьер-министр ретінде жасады. Жалпы алғанда Путин Қазақстанға 34 мәрте келіп кеткен. Ресеймен одақтас мемлекет Беларусьтің өзіне Путин Қазақстанмен салыстырғанда азырақ – 27 рет барған.
– Владимир Путин қауіпсіз түрде барып келе алатын елдер көп емес. Сондықтан Қазақстан Путин ең жиі баратын елге айналды, – деді Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі Берлиндегі Карнеги орталығының сарапшысы Темур Умаров. – Орталық Азия елдеріне жыл сайын барып тұру – Путиннің сыртқы саясатының ажырамас бөлігі. Оның әлем жайлы түсінігінде Ресей – аймақтағы алып держава.
Путин үшін Батыс жабық: көрші Украина мемлекетіне басып кірген соң, ол Еуропа мен АҚШ-та қол алыспайтын саясаткерге айналды. 2023 жылы Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот соғыстағы қылмысқа айыпты ретінде Путинді тұтқындауға ордер берген соң, Ресей басшысы бара алатын елдер тізімі одан бетер қысқарды.
Путиннің Қазақстанға 35-сапары Ресейдің Украинаға қарсы соғысы шиеленісіп тұрған шақта өтіп жатыр. Украина аумағына тұрақты түрде бомба тастап, зымыран және дрондармен шабуылдайтын Мәскеу 21 қараша күні алғаш рет орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық зымыранмен соққы жасады. Ресейдің мәлімдеуінше, Украинада сыналған гипердыбыстық "Орешник" зымыраны ядролық бомба тасымалдай алады. Путин мұны Украинаға АҚШ және британдық зымырандармен Ресей жерін атқылауға берген рұқсатқа қарымта соққы деп атады. Батыс сарапшылары Мәскеудің Днепр қаласына жасаған бұл шабуылын Киев пен оған қару жеткізуші АҚШ және Еуропа елдерін қорқытып-үркіту әрекеті деп бағалады.
Батыстың "Орешник" зымыранына реакциясы сылбыр болды, ал Қазақстан жетекшілігі "жедел шаралар" қабылдау қажеттігін мәлімдеді: президент қол астындағыларға әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Ізінше үкімет ақпарат құралдарының қатысуынсыз жедел отырыс өткізді. Бұл шарадан Қазақстан телеарналарына берілген 40-секундтық бейнежазбаның дыбысы болмады. Үкімет сайтында шыққан қысқа жаңалықтың мазмұны кездесуде "тұрақтылық, қоғамдық тәртіпті сақтау және көлік қатынасы мен тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың қауіпсіздігіне назар аударылды" дегенге сайды.
– Мұның артында біздің биліктің ұзақ қашықтыққа ұшатын америкалық зымырандарымен Қазақстан аумағындағы Ресей әскери нысандарын атқылайды деген қаупі жатқан болуы мүмкін, – деді Астананың реакциясын түсіндірген саясаттанушы Ғазиз Әбішев. – Өйткені Ресейдің Қазақстанда Сарышаған полигоны, басқа да әскери, әскери-әуе және әскери-ғарыш полигондары бар. Алда-жалда оларға соққы жасалса, ол дөп тимесе, Қазақстандағы азаматтық және әскери инфрақұрылымға нұқсан келуі мүмкін. Аты-жөнін атамайтын дереккөздер Ресей Каспийдегі әскери флотилиядан Украинаға зымыран атады деп жүр, егер Ресейдің Каспийдегі әскери флотилиясына соққы жасалса, одан Қазақстан қалалары зардап шегуі мүмкін.
Осы шиеленіске алаңдаған Астана бүгін Путинді сән-салтанатпен қабылдауы тиіс. Бұл мемлекеттік сапар, яғни хаттамалық рәсім сақталатын ең жоғары деңгейдегі сапар болмақ. Путинді ұшақтан президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алады, мейманның құрметіне қарауыл тізіліп тұрады, ал салтанатты бөлімде Ақордада келіссөздер өтеді.
– Қазақстан тәрізді әрқашан Путиннің басты одақтасы саналатын елдер ол үшін аса маңызды, – деді британдық журналист, "Қара көлеңке: Қазақстаның құпия әлемінің ішінде" кітабының авторы Джоанна Лиллис. – Путин Қазақстан әлі де Ресейдің ықпал аймағында екенін көрсеткісі келеді. Меніңше, оның сапары осыны көрсететін іс-әрекеттің бөлігі.
ӨСІП ЖАТҚАН САУДА ЖӘНЕ АЭС САЛУ
Ресей Украинаны тез жеңе алмай, соғыстан босамай жүргенде және былтыр "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы жауынгерлерінің төңкеріс жасау әрекетімен бетпе-бет келгенде, сарапшылар Мәскеудің Қазақстан мен Орталық Азиядағы ықпалы азайып жатқанын айта бастаған-ды.
Бірақ фактілер мен сандар бұл жоқты бар деп көрсетуге тырысу әрекеті (ағылшынша wishful thinking) екенін көрсетеді. Ресей мен Қазақстан серіктестігінде төмендеп жатқан белгілер байқалмайды. Соғыс басталғалы Путин Астанаға үш рет келіп кетті, Тоқаев Ресейге 12 мәрте барып келді.
– Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын жоққа шығару қиын. Біз Еуразия экономика одағы болсын, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы болсын, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы болсын, негізгі альянстардың көпшілігіне Ресеймен бірге мүшеміз. Тарихи байланыс, географиялық жабықтық және өкінішке қарай, бірқатар экономикалық позиция бойынша Ресейге тәуелдіміз. Бұл – Павлодар мұнай өңдеу зауытын шикізатпен қамту, электр энергиясын импорттау, Қара теңіз портына жүк пен мұнай экспорттау, – деді саясаттанушы Әбішев.
Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы үш жылда өсті. Соғысқа дейін, 2021 жылы 24 миллиард доллар болса, 2022 жылы ол 27 миллиард доллардан асты. 2023 жылы бұл көрсеткіш сәл қысқарды (26 миллиард доллар). Биыл қаңтар мен тамыз аралығында сауда айналымы 20 миллиард долларға жуықтады.
Ресми Астана Батыстың Ресейге салған санкция режимін сақтайтынын айтып келеді, бірақ елде тіркелген бірқатар жекеменшік компания Ресейге екі мақсатта қолданылатын тауарды тасымалдағаны анықталды. Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанның оннан астам компаниясы Кремльдің соғыс машинасына көмектескені үшін Еуроодақ пен АҚШ санкциясына ілікті.
Қазақстандағы Ресей компаниялары үш жылда 17 мыңнан 23,5 мыңға жетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі әрбір екінші шетелдік компания – ресейлік.
– Ресей бизнесі өзі үшін Орталық Азияны ашып жатыр, себебі Ресей бизнесі бұрын дәстүрлі түрде басымдық берілген Батыс нарығына шыға алмайды. Ол Орталық Азияға бейімделіп, нарықта белгілі бір орынды алып қалуға тырысып жатыр. Меніңше, бұл Орталық Азия үшін жағымсыз дүние емес, – деді Темур Умаров. –Экономиканың кей секторы қайткен күнде де кеңейеді. Себебі бұл бизнес өз дамуын сақтап қалуы үшін кеңеюі керек, ал ол бизнес түрлері Ресейде кең таралған. Бірақ санкция кесірінен құлдырап жатқандар да бар.
Ресейден келетін азық-түлік тауарлары Қазақстандағы дүкен сөрелерін әлдеқашан жаулап алған. Оны былай қойғанда, жергілікті нарыққа Ресей маркетплейстері кіріп, өз қызметін күшейтіп жатыр. Елдегі ең ірі Алматы қаласында ресейлік Wildberries пен Ozon тауарларын беру пунктерінің саны (әрқайсының) 200-ден асып кетті, екі жыл бұрын небәрі ондаған тауар беру орны бар болатын.
Елдің батысында шекаралас аймақта орналасқан Орал қаласындағы әуежайды Ресей бизнесі сатып алды.
Бірақ Ресей бәрінен де сауда және логистикада емес, энергетика секторында белсенділік танытып отыр.
Былтыр Мәскеу мен Астана алты миллиард доллардың келісімшартына қол қойды, оның аясында Ресей Көкшетау, Өскемен мен Семей қалаларында жылу электр станцияларын салып бермек.
Ресей газынан Еуропа елдері бас тартқан соң, Мәскеу газ саласында назарды шығысқа бұрды. 2023 жылы Мәскеу "Орталық Азия – Орталық" газ құбырымен Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ тасымалдай бастады. Совет одағы кезінде бұл құбыр арқылы газ Ресейге тасымалданатын, енді ол кері айдау жолмен Ресейдің газын бұл ресурс таусылуға шақ қалған Өзбекстанға жеткізеді. Газ тасымалын іске қосу рәсімі Путиннің туған күні өтті, шараға қатысу үшін Мәскеуге Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев барды. Ал биыл Путин Қазақстан тек транзит ел емес, Ресейдің көгілдір отынын сатып ала алатынын айтты. "Қазақстанда газбен қамтылуы керек облыстар бар, миллиардтаған доллар жұмсап жаңа бағыт салғаннан гөрі, Ресейден газ сатып алу оңай әрі арзан", – деді Путин маусым айында.
Ресей уран саласындағы үлесін де арттырды. Былтыр Ресейдің мемлекеттік "Росатом" корпорациясы Буденовское кен орнының бөлігін алғаны белгілі болды. Енді Мәскеу Қазақстандағы уран өндірісінің төрттен бірін бақылайды. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі, бұл металл АЭС-ке отын ретінде пайдаланылады.
АЭС демекші, ресми дерек бойынша, Қазақстанда биыл 6 қазан күні өткен референдумда дауыс бергендердің 71 пайызы елде АЭС салуды қолдаған. Астана АЭС салуға Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Кореяның компанияларын қарастырып жатқанын мәлімдеген.
– "Росатомның" жобаны басқаруға дайындығы жақсы. Ол Қазақстандағы уран қорының үлкен үлесіне иелік етеді және ядролық мәселелер бойынша серіктес. Бұл [Путин сапарының] күн тәртібіндегі басты мәселе деп күтуге болады, себебі "Росатом" келісімшартты ілгеріліп жатқанын білеміз, – деді Техастағы A&M университетінің Орталық Азия бойынша сарапшысы Эдуард Лемон.
Тоқаев референдум өткен күні АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеді. Түркиядағы Аккую атом электр станциясын консорциум салып жатыр, бірақ ол де-юре халықаралық деп аталғанымен, де-факто оны "Росатом" мен бірнеше түрік компаниясы салып жатыр, үшінші елдер қатысып жатқан жоқ.
ТІЛ, ТАРИХ ПЕН РЕСЕЙДІ "ТЫНЫШТАНДЫРУ ӘРЕКЕТІ"
Ресей Украинаға басып кірген соң Орталық Азияда тарихшылар деколонизация деп есептейтін үрдіс басталды. Қазақстандағы бұл дискурсқа Ресей саясаткерлері мен пропагандистері агрессивті түрде қарсы шығып, жер жөнінде талап қойып, орыстілді халық кемсітуге ұшырайды деген негізсіз, жалаң мәлімдемелер жасады. Қайсыбіреулері Украинаның ізінше Қазақстанды "денацификациялауға" шақырды.
Осындай жағдайда Астана түрлі амалға баруға мәжбүр. Путин сапарының алдында Қазақстан парламенті ТМД-да орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы шартты қолдап дауыс берді. Бұл ұйымды құру туралы ұсынысты 2022 жылы Тоқаев көтерген. Қазақстан оған бюджеттен 260 мың доллар бөліп жатыр.
– Бұл − Қазақстан жетекшілігінің Ресейге геосаясат жағынан адалдығын, Ресей маңызды одақтас және Қазақстан одан теріс айналмайды, орыс тілінен бас тартып, ұлтшылдықты ілгерілетпейді дегенді көрсету әрекеті. Мұны дәлелдеу үшін Қазақстан бұған дейін орыс тілі жылын жариялады. Тоқаев Путинге орыс тілі ол үшін маңызды, ол оны ел ішінде ілгерілетіп жүр, ең алдымен Қазақстанда орыс тілінің жағдайы жақсы, ол үшін алаңдауға негіз жоқ дегенді көрсеткісі келеді. Бұған Ресейдің ашуына тиіп алмайын деп қауіптену түрткі болып отыр, Ресейдің Украинаға наразылығы кейін басып кіруге ұласқан. Қазақстан өзін қорқынышты сценарийден сақтандырып отыр, – деді Темур Умаров.
– Түптеп келгенде қазір текетірестің соңғы кезеңіне өтіп, империялық сантименттер ұлттық бітім-болмыспен соқтығысқан Украина тәрізді ондаған мың адамнан айырылғанша, осындай дипломатиялық ишарамен құтылған дұрыс екені бәріне түсінікті, – деді Ғазиз Әбішев.
Алайда ел ішінде Тоқаевтың орыс тілін ілгерілету туралы идеясы жаппай қолдау таппады деп есептейді британдық журналист Джоанна Лиллис.
– Оны барлық қазақ қолдамайды, сондықтан бұл идеяның ел ішінде Тоқаев үшін белгілі бір саяси өтеуі бар. Қайсыбіреулер Қазақстанда орыс тілі емес, қазақ тілі қорғалуы керек деген пікір айтқанын көрдік. Үкімет бұған [орыс тілі жөніндегі ұйым құру] халықаралық қарым-қатынаспен байланысты, сыртқы саясаттағы бастама және Қазақстанның ішкі мәселесіне еш қатысы жоқ деп жауап берді. Бірақ Тоқаев мұны Ресейді жұбандыру, тыныштандыру үшін, Ресейге Қазақстан бастамасымен орыс тілін қорғау шаралары қолға алынып жатыр дегенді білдіру үшін қажет деп санайды, – деді Лиллис.
Ресейді "тыныштандыру" − Қазақстанда ғана көтерілетін мәселе емес. Путин сапарынан бұрын Астанаға қарашаның басында келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей "қоғамның кей бөлігінде шығып жатқан дауды басу үшін" тарихты бірге зерттейтін ғалымдар тобын құру туралы келісімге келгенін мәлімдеді.
"Ресей мен Қазақстанда ортақ өткен тарих пен қазіргі тарихқа байланысты тақырыптар көтеріліп жатады. Тарихшылардың ортақ тобын құру туралы оң келісімге қол жеткізілгенін айтқым келеді", – деді Лавров.
Совет КГБ-сының архивін ашу Қазақстан тарихшыларына совет және совет кезеңіне дейін елдің тарихына басқа қырынан қарап, ұжымдастыру, миллиондаған адамның өмірін жалмаған Ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, Семей ядролық полигонындағы ядролық қаруды сынау тәрізді оқиғаларды зерттеуге жол ашты. Бір кезде Украина тарихшылары Голодоморды зерттегені тәрізді қазақ тарихшыларының қасіретті кезеңдерге үңілуі Ресейге ауыр тиеді. Мәскеу Украинаға басып кірмей тұрғанда-ақ Украинадағы ашаршылық тақырыбы "қолдан жасалып жатқанын" айтып, Киевтің 1930-жылдардағы оқиғаны геноцид деп көрсетуі Ресейге қарсы алауыздықты қоздыруға бағытталған деп мәлімдеген еді. Мәскеудің Украинаға наразылығы күшейе берді, кейін Ресей Киевті "Донбастағы орыс тілінде сөйлейтін халыққа геноцид жасап жатыр" деп айыптап, басып кірді.
АҚТАУДАҒЫ КОНСУЛДЫҚ
Бұған қоса, сапар барысында Путин Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласында Ресей консулдығын ашуға қатысады деген ақпарат бар. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров кейінгі келісінде бұл оқиғаны да Мәскеу мен Астана арасындағы "гуманитарлық әріптестік" аясында айтқан.
"Мәдени-гуманитарлық, білім беру саласындағы байланыстар, Ресей мен Қазақстанда бірлескен мектептер ашу, жоғары оқу орындары филиалдарының жүйесін кеңейту, Ақтауда Ресей консулдығын ашу – мұның барлығы өзара байланысқа ынта танытып отырған халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты дамытуға ықпал етеді", – деді Лавров.
Ақтауда Ресей консулдығы ашылатынын Путиннің Астанаға былтырғы сапарында Қазақстан президентінің өзі айтқан. "Бұл барлық тұрғыдан алғанда өте үлкен маңызға ие", – деген Тоқаев.
Қазақстанның Ақтау, Өзбекстанның Самарқан қалаларында биыл Ресей консулдықтары ашылатынын Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин де айтқан.
"Бірінші жағдайда Каспий жағалауындағы ірі порт және іскерлік орталық жөнінде айтып отырмыз. Самарқан – белгілі тарихи орын әрі Ресей туристері көп келетін жер" деген Галузин.
Ресейдің бес қаласы – Санкт-Петербург, Қазан, Астрахан, Омбы және Екатеринбургте Қазақстан консулдықтары жұмыс істесе, Қазақстанның Алматы, Өскемен және Орал қалаларында Ресей консулдықтары бар. Екатеринбургтегі Қазақстан консулдығы 2023 жылы ашылған.
УКРАИНА ТАҚЫРЫБЫ: РЕСМИ РИТОРИКАДА ӨЗГЕРІС БАР МА?
Сарапшылардың пайымдауынша, басқыншылық тақырыбы және оның салдары Путин мен Тоқаевтың жабық өтетін келіссөздерінде көтерілетін негізгі тақырыптардың бірі болуы мүмкін. Тоқаев таяуда Еуропаның бірнеше еліне сапармен барды. Францияда, Венгрияда және Сербияда болды. Бақылаушылардың ойынша, Батыс саясаткерлері Путинмен тікелей араласпайтындықтан, Қазақстан президенті Батыс саясаткерлерінің Ресей президентіне хабарламаларын жеткізуші араағайын болуы мүмкін.
– Бүгінде Қазақстан Еуразиядағы өзгелер қол алысатын, сөйлесе алатын, серіктестік орнатуға болатын, өзгелер шақыра алатын ойыншыға айналды. Тоқаев араағайын рөлін ойнай алады, – деді Темур Умаров. – Тоқаев пен Путин санкция, Қазақстан мен Ресейдің санкция режимінің әсерін жұмсарту жөніндегі әрекеттерін жабық кездесуде талқылауы мүмкін. Олар оны ашық айтады деп ойламаймын.
Осы күзде Тоқаев Ресей "әскери тұрғыда жеңілмейді" деп екі мәрте айтты. Бұл екі жыл бұрын Путиннің көзінше Астана Украинаның шығысындағы жікшіл аймақтарды мойындамайды деп мәлімдеген Тоқаевтың позициясы өзгергенін көрсете ме? Сарапшылардың топшылауынша, тек риторика өзгерді.
– Тоқаевтың ұстанымы өзгерді деп ойламаймын. Ол қатты өзгеріске ұшырамады. Бірақ риторикадағы белгілі бір өзгерісті көріп тұрмыз. Оның Ресейді ұрыс алаңында жеңе алмайсың, сондықтан келіссөз керек деп меңзегені. Меніңше, Тоқаев келіссөз конфликтіге нүкте қояды деген өз мақсатын көздеп отыр. Бұл конфликт Қазақстан үшін саяси және экономикалық жағынан аса күрделі дүниеге айналды. Алайда Қазақстанның негізгі ұстанымын қарасаңыз, ел бұрынғыдай БҰҰ-ға арқа сүйейді. Қазақстан және Тоқаев үнемі халықаралық құқықты сақтау керегін айтып жүр, – деді Джоанна Лиллис.
Риториканың өзгеруі сыртқы факторлармен байланысты: қазіргі геосаяси ахуалда Астана үшін таразы басын тең ұстау барған сайын қиынға соғып тұр.
– Қазақстан Ресеймен әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасын бөлісетінін ескерсек, ол өзінің географиясын өзгерте алмайды. Ол Ресейді арандатуға бара алмайды. Сондықтан қауіп-қатерді азайту процесі аясында, Ресей Украинадағы басқыншылықты күшейткен сайын және АҚШ-та Трамп президент болып сайланғандықтан, Қазақстан мәлімдемесіндегі акценттер өзгерді, – деді Эдуард Лемон.
28 қараша күні Астанада Путиннің қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтпек. Бұл құрылым 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев "елге сыртта дайындықтан өткен лаңкестер шабуыл жасады" деп мәлімдегенде, оның өтініші бойынша Қазақстанға бітімгершілік күштерін жіберген. Лаңкестерді қоғамға сол бойы көрсетпеді. Бірқатар қалалар мен ауылды жерлерде жұрт көшеге шығып, наразылық күшейіп, дүрбелең болып жатқан шақта Тоқаев "ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Күштік құрылымдар қару қолданып, ресми дерек бойынша, кемінде 238 адам қаза тапты. Ахуал тұрақтанып, жаппай тәртіпсіздік басылған соң Тоқаев Мәскеуге сапарлады. Ол Путинге қолдау танытқанына алғыс білдіріп, Мәскеу қиын кезде арқасын тосқанын айтты. Бұл Ресей көрші Украина жеріне басып кірерінен небәрі екі апта бұрын болған еді. Ал содан кейін басталған соғыс 1008 күннен бері жалғасып жатыр.
ПІКІРЛЕР