Accessibility links

Тоқаев: Қақтығысқа толы кезеңде Қазақстан "Ресейдің сенімді серіктесі болып қала береді"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинді қарсы алып тұр. 9 қараша 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинді қарсы алып тұр. 9 қараша 2023 жыл.

Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары қарсаңында ресейлік "Известия" басылымында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарық көрді. "Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі" атты мақалада Тоқаев Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын "берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі" деп бағалаған. Мақалада "достық" сөзі алты рет кездеседі.

"Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, біздің елдеріміз тату көршілік пен сан салалы ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ынтымақтастыққа ортақ мүдде, өзара сыйластық, ең жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог арқау болып отыр" деп жазылған Тоқаев мақаласында.

Тоқаев Қазақстан "тарихтың қақтығысқа және апатқа толы күрделі кезеңінде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береді" деп мәлімдеді.

Биыл Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етеді. Путиннің қатысуымен 28 қарашада ҰҚШҰ саммиті өтеді. Тоқаев мақаласында мұны "аймақ қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайту ісінде маңызды оқиға" деп атаған.

Мақалада сонымен бірге Қазақстан мен Ресей "Ұлы жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтуге" дайындалып жатқаны жазылған.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында Кремль Жеңіс күнін мерекелеуге аса көп мән беріп отыр. Орталық Азия елдерінде бұл мерекенің маңызы азайып барады. Қазақстан 2019 жылдан бері Жеңіс парадын өткізбей келеді. 2020 және 2021 жылдары парадты өткізбеу себебін коронавирус індетімен байланыстырған. Одан кейінгі жылдары билік қаражатты үнемдеу қажеттігін алға тартқан. Есесіне Тоқаев 2023, 2024 жылдары 9 мамырда Мәскеуге барып, Путинмен бірге әскери парадқа қатысқан. Ресей Тоқаевты 2025 жылы да парадқа келуге шақырған.

27 қарашада Путиннің Қазақстанға екікүндік сапары басталады. Тоқаевтың айтуынша, Ресей президентімен сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика және ғылым-техника саласындағы мәселелер талқыланбақ.

Путиннің Қазақстанға 35-сапары Ресейдің Украинаға қарсы соғысы шиеленісіп тұрған шақта өтіп жатыр. Украина аумағына тұрақты түрде бомба тастап, зымыран және дрондармен шабуылдайтын Мәскеу 21 қараша күні алғаш рет орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық зымыранмен соққы жасады. Ресейдің мәлімдеуінше, Украинада сыналған гипердыбыстық "Орешник" зымыраны ядролық бомба тасымалдай алады. Путин мұны Украинаға АҚШ және британдық зымырандармен Ресей жерін атқылауға берген рұқсатқа қарымта соққы деп атады. Батыс сарапшылары Мәскеудің Днепр қаласына жасаған бұл шабуылын Киев пен оған қару жеткізуші АҚШ және Еуропа елдерін қорқытып-үркіту әрекеті деп бағалады.

Ресейдің одақтасы Қазақстан Украинаға басқыншылықты айыптаған жоқ, құптаған да жоқ. Астана Мәскеу аннексиялап алған Украинаның облыстарын Ресей жері деп мойындаған жоқ. Қазақстан билігі көпвекторлы сыртқы саясат туралы жиі айтады. Бірақ Қазақстан екі ірі көрші Қытай және Ресеймен интеграциялық саяси бірлестіктерге мүше және экономикалық жағынан айтарлықтай тәуелді. Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы тасымалданады.

XS
SM
MD
LG