Көкшетау қаласының әкімшілік соты Ресей басшысы Владимир Путиннің сапарына наразылық білдірген үш белсенді Марат Жанұзақов, Бауыржан Балташев және Уәлихан Негметовке айыппұл салды. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Жанболат Құлжанов хабарлады.
“Сот Бауыржан Балташев пен Уәлихан Негметовке әрқайсысына 51 мың теңгеден айыппұл салды. Олар айыппен келіскен жоқ. Шешімді апелляцияға береміз” деді адвокат Азаттыққа түсте.
Бейсенбі күні кешке қарай тағы бір белсенді Марат Жанұзақовқа да айыппұл салынғаны белгілі болды. Белсенділерге "Ұсақ бұзақылық" (434-бап) бабы бойынша айып тағылған.
Бір күн бұрын Қазақстанға Ресей басшысы Владимир Путин мемлекеттік сапармен келген күні Көкшетауда үш белсенді наразылық білдірген еді. Әлеуметтік желіде жарияланған суретте белсенділердің қолында балағат сөз жазылған плакат бары көрінеді. Онда "х....о, пошел вон из Казахстана" (х.....o, Қазақстаннан жоғал!) деп жазылған.
Адвокаттың сөзінше, кейін оларды полиция үйлерінен алып кетіп, “Ұсақ бұзақылық” бойынша хаттама толтырған.
27 қарашада кешке Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген. Оны Астанада Қазақстан билігі "ерекше сән-салтанатпен" қарсы алды. Путин келетін күні қалада әр жерде экранда Ресей тулары көрсетіліп, "Жоғары мәртебелі Владимир Путин, Астанаға қош келдіңіз" деген үлкен жазуы бар билборд ілініп тұрды. Мұндай "даңғазалықты" әлеуметтік желіде сынады. Кей сарапшылар "жоғары мәртебелі" сөзі "мемлекеттік сапармен келетін" шет мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасына қолданатын қалыпты тіркес десе, кей сарапшылар мұндай құрмет "шақырылған адамның мәртебесін ерекше атап өту үшін жасалады", ал нақты жағдайда бұл орынсыз деп санайды.
Былтыр наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берген. Сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Осыдан бері Ресей басшысы сарапшылардың сөзінше, шетелге сапарларын қысқартқан.
Ресейдің одақтасы Қазақстан Украинаға басқыншылықты айыптаған жоқ, құптаған да жоқ. Астана Мәскеу аннексиялап алған Украинаның облыстарын Ресей жері деп мойындаған жоқ. Қазақстан билігі көпвекторлы сыртқы саясат туралы жиі айтады. Бірақ Қазақстан екі ірі көрші Қытай және Ресеймен интеграциялық саяси бірлестіктерге мүше және экономикалық жағынан айтарлықтай тәуелді. Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы тасымалданады.
ПІКІРЛЕР