Қазақ олимпиадашыларының кестесі: 28-29 шілде

Қазақстан боксерлері Марина Вольнова (оң жақта) мен Ғани Жайлауов Goresbrook орталығында олимпиадаға дайындалып жатыр. Лондон, 26 шілде 2012 жыл.

Шілденің 27-сі күні қазақстандық олимпиадашылардың ішінде бірінші болып жарысқа түскен садақшыларымыз алғашқы ондыққа іліне алмады. Ерлер арасындағы іріктеу кезеңінде Денис Ганькин 17-ші, ал әйелдер арасындағы іріктеуде Анастасия Баннова 54-ші орында қалды.

Лондон олимпиадасына қатысатын Қазақстан спортшыларының басым көпшілігі алғашқы жарыстарын шілденің 28-і және 29-ы күндері бастайды. Азаттық Қазақстан атлеттерінің осы екі күндік жарыс кестесін ұсынып отыр.

Қазақстаннан барған спортшылар Лондон олимпиадасындағы алғашқы жарыстарын шілденің 28-і күні бастайды. Бұл күні төрт спортшы жүлдеге таласады.

ІРІКТЕУ ЖАРЫСТАРЫ

Олимпиададағы Қазақстанның тұсауын бірінші боксшылар кеседі. Шілденің 28-і күні Астана уақыты бойынша кешкі алты жарымнан түнгі бір жарымға дейінгі кездесулерде Қанат Әбутәліпов пен Данабек Сужанов рингке шығады. Бокстағы іріктеу кезеңі басталады.

Қазақстандық жүзу спортының шебері Владислав Поляков Азия ойындарының алтын медалін ұстап тұр. Доха. 2006 жыл. (Сурет Азия олимпиада комитетінің ресми сайтынан алынды)


Спорттық гимнастикадан Степан Горбачев көпсайыс бағдарламасы бойынша жарыстың алғашқы айналымына шықса (кешкі сағат төртте), жүзуден Владислав Поляков та 100 метрге брасс әдісімен жүзудің іріктеуіне қатысады.

Академиялық есуден Владислав Яковлев пен Светлана Германович те алғашқы айналымды бастайды. Бұл спортшылар бірден финалға шығу үшін жарысқа түседі.

Шілденің 28-і күні теннисшілер де жарысқа қосылады. Ярослава Шведова румыниялық Симон Халеппен, Галина Воскобоева венгриялық Тимеа Бабоспен кездеседі Ал Михаил Кукушкин франциялық Жиль Симонмен күш сынасады.

Жұптық бәсекеге де қатысатын Шведов пен Воскобоева алғашқы айналымда канадалық Стефани Дубос және Александра Вознякпен кездеседі.

ЧЕМПИОНЫ СОЛ КҮНІ АНЫҚТАЛАТЫН ЖАРЫСТАР

Александр Винокуров "Тур-де-Франс" көпкүндігіне қатысып жатыр. По қаласы, Франция, 20 шілде 2012 жыл. Суретті "Астана" командасы ұсынды.

Шілденің 28-і күні Астана уақыты бойынша кешкі сағат жетіден тоғызға дейін дзю-дошылар Еркебұлан Қоссаев пен Александра Подрядова алтынға таласады. Алтынға дейтініміз – чемпион сол күні анықталады.

Қоссаевтың алғашқы қарсыласы – канадалық Сержио Пессо. Ал Подрядова кілемге моңғолиялық Мохбат Урантсестегпен шығады.

Велоспорттан Александр Винокуров пен Асан Базаев Астана уақыты бойынша сағат түскі үште жекелей жарыста жүлдеге таласады. Велоспортта да жеңімпаздар осы күні анықталады.

29 ШІЛДЕ

Бұл күні ауыр атлеттер де жарысқа қосылады. Штанга көтеретін Зүлфия Чиншанло (53 килограмм) Астана уақыты бойынша кешкі сағат сегіз жарымда жарысқа шығуы тиіс. Ал сағат түнгі он екіде штангашы Арли Чонтей (56 килограмм) жүлдеге таласуы керек. Алайда бұл спортшының жарысқа қатысу-қатыспауы әлі шешілген жоқ. Чонтейдің олимпиадаға қатысуына халықаралық ауыр атлетика федерациясы қарсы шыққан еді.

Боксер Серік Сәпиев. Алматы, 8 мамыр 2012 жыл.


Стенд атудан Анжелина Мищук жүлдеге таласады (түскі сағат екіде). Шілденің 29-ы - дзю-додан Сергей Лим үшінде маңызды күн. Ол да Астана уақытымен кешкі сағат жетіде татамиге шығады. Жеңімпаздар сол күні белгілі болады.

Кешкі сағат алтыда басталатын бокс бәсекесінде Ғани Жайлауов (60 кг) пен Серік Сәпиев (69 кг) алғашқы кездесулерін өткізеді.

Слалом есуден Рафаэль Вергоязов, жүзуден Екатерина Руденко мен Александр Тарабрин іріктеу жарыстарына қатысады.

Осы күні Қазақстан құрамасындағы ең жас олимпиадашы Мөлдір Әзімбай да (17 жаста) спорттық гимнастикадан іріктеу жарысына шығады.

Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы Испания командасымен ойнайды. Мұнда да іріктеу кезеңі басталады.