Accessibility links

Қазақ олимпиадашыларының кестесі: 3-4 тамыз


Боксшы Серік Сәпиев. Алматы, 8 мамыр 2012 жыл.
Боксшы Серік Сәпиев. Алматы, 8 мамыр 2012 жыл.
Назарларыңызға тамыздың 3-і мен 4-і күндері жарысқа шығатын қазақстандық спортшылардың кестесін ұсынамыз.

3 ТАМЫЗ

Бұл күні жеңіл атлеттер жарыстарын бастайды. Астана уақыты бойынша сағат 14:05-те жетісайысшы Ирина Карпова бәсекеге шығады. Жеті түрлі спорт бойынша жарысқа қатысатын Карпованың жүлде алатын-алмайтыны тамыздың 4-і күні белгілі болады. Спортшы жетісайыстың алғашқы үш түріне осы күні, қалған төрт түріне тамыз 4-інде шығады.

Ал одан кейін сағат 14:25-те ұзындыққа секіретін (құмға – ред.) Ольга Рыпакова мен Ирина Эктова іріктеу жарыстарын бастайды.
Ұзындыққа секіретін қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова. Астана, 12 шілде 2012 жыл.
Ұзындыққа секіретін қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова. Астана, 12 шілде 2012 жыл.

100 метрге жүгіруге Ольга Блудова 14:40-та шығады. Алғашқы сегіздікке ілінсе, финалға өтіп, жүлдеге таласуға мүмкіндік алады.

Сағат 15:15-те 400 метр кедергіден секіріп жүгіруден Виктор Лептиков іріктеу жарысына қатысады.

400 метрге жүгіруге Марина Масенко (сағат 16:00) мен 3000 метрге кедергіден секіріп жүгіретін Артем Косинов (сағат 17:00) та осы күні алғашқы айналымға шығады.

Жеңіл атлетика бойынша осы іріктеу жарыстарынан қазақстандық спортшылар аман-есен өте қалса, тамыздың 4-і күні жүлдеге таласады.

Ауыр атлетикадан алтын алады деген Светлана Подобедова (75 килограмм) Астана уақыты бойынша 20:30-да штанга көтеруге шығады.

Кешкілік 18:30-да боксшы Ілияс Сүлейменов (52 килограмм) ширек финалға шығу үшін ұлыбританиялық Эндрю Селвимен кездеседі. Селви - былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Қазақстандық боксшы Ілияс Сүлейменовтың (қызыл) швециялық қарсыласы Саломо Нтувені жеңген сәті. Лондон, 30 шілде 2012 жыл.
Қазақстандық боксшы Ілияс Сүлейменовтың (қызыл) швециялық қарсыласы Саломо Нтувені жеңген сәті. Лондон, 30 шілде 2012 жыл.

Серік Сәпиев олимпиададағы алғашы кездесуін де осы уақытта өткізеді. Қарсыласы - жапониялық Юшихиро Сузуку. Жеңгені ширек финалға шығады.

Дзюдодан 14:30-да Гүлжан Исанова (+75 килограмм) мен Ержан Шынкеев (+100) жүлдеге таласады. Исанованың алғашқы қарсыласы - Ким На Ионг (Оңтүстік Корея). Шынкеев бірінші белдесуінде Фаисел Жабаллахпен (Тунис) татамиге шығады.

4 ТАМЫЗ

Егер тамыздың 3-і күні қазақстандық жеңіл атлеттер іріктеуден өтсе, тамыздың 4-інде жүлдеге таласады. Финалға шығуға ұзындыққа секіретін Ольга Рыпакованың мүмкіндігі мол.

Тамыздың 4-і күні Астана уақытымен 15:30-да 400 метрге жүгіруден Сергей Зайков іріктеу жарысына шығады.

Түнгі 22:00-де спорттық жүрістен болатын жарысқа Георгий Шейко шығады. 20 шақырымдық жорға жүрістің жеңімпазы мен жүлдегері осы күні белгілі болады.
Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Пекин олимпиадасында (2008 жыл) алтын алып тұр. Фото Қазақстанның туризм және спорт министрлігінен алынды.
Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Пекин олимпиадасында (2008 жыл) алтын алып тұр. Фото Қазақстанның туризм және спорт министрлігінен алынды.

Ауыр атлетикадан 94 килограмм салмақпен сынға түсетін Илья Ильин мен Алмас Өтешов жарысқа 00:30-да (тамыздың 5-іне қараған түні) шығады. Чемпион екі сағаттың ішінде анықталады.

Ольга Довгун 50 метрден мылтық атудан жүлдеге таласады. Жарыс Астана уақыты бойынша түскі екіде басталады.

Су добынан 21:30-да Қазақстан ерлер құрамасы Италия командасымен ойнайды.

Бокс бәсекесінде (кездесулер сағат 18:30-дан бастап, таңғы 04:30-ға дейін болады) Біржан Жақып (49 килограмм) ширек финалға шығу үшін филиппиндік Марк Варригамен кездеседі. Ал Данияр Елеусінов (64 килограмм) ирандық Мехди Толеутимен, Әділбек Ниязымбетов (81 килограмм) эквадорлық Карлос Гонгорамен жұдырықтасады. Жеңгендері ширек финалға шығады.
XS
SM
MD
LG