Шығыс Қазақстан облысында Опытное поле, Степное, Ушанов және Прапорщиков ауылдарында мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшті. Бұған ауаның ластануы себеп болған.
Ауылдар облыс орталығы Өскемен қаласына жақын шоғырланған. Ауыр металлургия кешендері бар қаланы 20 қарашадан бері түтін басқан. Ауадағы зиянды заттар мөлшері қалыпты нормадан асқанын жергілікті шенеуніктер мойындайды.
“Сыртқа шыққанда өзім де жөтелемін, жұртқа зиянды заттар мөлшері нормадан аспады деп айта алмаймын” деді 26 қараша күнгі әкімдік жиналысы кезінде облыс басшысы Ермек Көшербаев.
“Қазгидромет” ауаның қатты ластануын желдің жоқтығымен түсіндіреді. Мұндай шақта өнеркәсіп нысандары, жылу электр орталығы және жеке үйлердің мұржасынан шыққан түтін сейілмейді.
Оқушылар 27 қарашадан бері қашықтан оқуға көшкен. Қала халқы ауаның сапасына жиі шағымданады. Өскемен елдегі ауасы ең лас қалалардың бірі. Мұнда Үлбі зауыты, титан-магний комбинаты, Өскемен металлургия кешені жұмыс істейді.
ПІКІРЛЕР