Жыланбаев отырған түрме басшысы белсендінің аштық жариялағанын растады

Марат Жыланбаев отырған қамау мекемесі. Ақмола облысы Степногорск кенті, 19 маусым, 2024 жыл.

Ақмола облысы Степногорск қаласындағы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты №4 мекемеде сот кескен жеті жылдық жазасын өтеп жатқан марафоншы, азаматтық белсенді, "Алға, Қазақстан!" партиясын тіркеу жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Марат Жыланбаевтың 13 қарашадан бері аштық жариялап жатқанын түрме басшысы Азаттыққа растады.

Жыланбаевтың екі апта бұрын мерзімсіз аштық акциясын бастағанын бұған дейін оның адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлаған.

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті №4 мекемесінің басшысы Қанат Тұлақов Азаттыққа Марат Жыланбаев 13 қарашада түрме әкімшілігіне сот үкіміне келіспейтінін айтып, тамақ ішуден бас тартатыны туралы өтінішпен жүгінді деді.

"Сотталған [Жыланбаевқа] медициналық көмек қажет емес, денсаулығы қанағаттанарлық. Компот, сүт, тәтті шай ішеді", – деді Тұлақов.

Бұған дейін адвокат Мейіржан Досқараев Марат Жыланбаев 15 қарашадан бері тәртіптік оқшаулау камерасында отыр деген.

Түрме басшысының сөзінше, Жыланбаев 1 қарашада уақытша оқшаулау бөлмесіне ауыстыру туралы өтініш білдірген. "Қылмыстық-атқару кодексі талаптарына сәйкес, тәртіптік изолятор камералары уақытша оқшаулау бөлмелері ретінде пайдаланылуы мүмкін", – деп жауап қатқан Тұлақов Азаттыққа.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмедегі Жыланбаев адвокаты арқылы елге не айтты?

2023 жылы қарашада сот Марат Жыланбаев "экстремистік ұйым ісіне араласқаны" және "экстремизмді қаржыландырғаны" үшін кінәлі деп тауып, 7 жыл түрме жазасын кескен. Жыланбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.

Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сот процесі жабық өтті, оған қоғам өкілдерін, журналистерді қатыстырмады.

Қазақстанның заң орындары Марат Жыланбаевтың шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялы таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды. Астана Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент Қазақстанға қатысты қабылдаған қарарында оны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Жыланбаев сот үкіміне наразылық ретінде бұған дейін де түрмеде бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні қудалауды доғаруға, оны қамаудан босатуға үндеген. Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

5 маусымда Қазақстан Жоғарғы соты Марат Жыланбаевтың өзін ақтап, босатуды сұраған кассациялық арызын қараудан бас тартқан. Сот алқасы оппозициялық белсендінің шағымын қанағаттандыруға "негіз жоқ" деп тапқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шамына тигеннің бәрін тұқырту". "Экстремизмді қаржыландыру" бабын қалай және кімге қолданып жүр?