Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласын 20 қарашадан бері газ бен тұман тұмшалап тұр. Әлеуметтік желі қолданушылары шұңқырда орналасқан қала түтінге бөгіп, іргедегі таудың төбесінен көрінбей қалғанын дәлелдейтін видеолар жариялап жатыр.
Бейсенбі күні "Казахский чуваш" телеграм-арнасы Өскемен қаласының спутниктен түсірілген суреттерін жариялап, қалада адам денсаулығына өте зиян, тыныс жолдарын тітіркендіріп, созылмалы өкпе ауруын қоздыратын қауіпті зат – азот диоксиді (NO₂) көп мөлшерде ауаға тараған деп жазды.
Өскеменді түтін басқаны туралы хабар тарап жатқан кезде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары 27 қарашада түске дейін ұшақтар кестедегі уақытынан кешіктірілгенін жазды.
Сонымен бірге, қалалық білім бөлімінің бұйрығымен, 28-29 қарашада барлық мектепте оқушылар онлайн оқу режиміне көшірілді.
"ТЫНЫС АЛУ МҮМКІН ЕМЕС"
27 қарашада орталық көшелердің бірінде ауадағы зиянды заттар мөлшерін өлшеп тұрған Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің мамандарына медициналық маска таққан екі тұрғын келіп, лас ауаның кесірінен тамағы ауырғанын айтып шағынды.
"Бір апта бойы емделіп, антибиотик ішіп тауысқаным енді ғана, сонда да тамағым жыбырлайды", – деді орта жастағы ер адам.
"Тыныс алу мүмкін емес" деп оның сөзін қостап сөйледі қасындағы әйел.
Олар өлшеуіш аспап қандай нәтиже көрсеткенін сұрағанда мамандар "қалыпты нәтиже көрсетіп тұр" деп жауап берді. Ер адам "онда бұл аспапты лақтырып тастаған жөн немесе парақорлықты жою керек" деді ашулы үнмен.
Жергілікті басылымдар ауа сапасы нашарлағанын жазған бастапқы күндері экология департаменті "ауадағы зиянды заттар мөлшері шекті нормадан асқан жоқ" деп хабарлаған.
Өскемендіктер әлеуметтік желі арқылы бір апта үздіксіз мәселе көтергеннен кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев реакция білдірді.
"Сыртқа шықсам өзім де жөтелемін, жұртқа шекті нормадан асқан жағдай анықталған жоқ деп айта алмаймын", – деді облыс басшысы 26 қарашада әкімдіктегі жиында.
Әкім "ауа сапасын өлшейтін аспаптардың сертификатталғанын, дұрыстығын тексеру керек" дегенді де қосты.
ТҮТІН СЕЙІЛМЕУІНЕ НЕ СЕБЕП?
Әкім мемлекеттік мекемелерге сын айтқан тұста, 27 қарашада экология департаментінің басшысы Азамат Тәуірбеков ауадағы зиянды заттар мөлшері рұқсат етілген нормадан асып кетті деп мәлімдеді. Оның сөзінше, қаланы 20 қарашадан бері түтін басып тұр.
"Қазгидромет" мекемесі 27 қарашада көміртегі оксиді, PM2.5 және күкірт диоксиді сынды газдар шекті нормадан асты деп нақты ақпарат берді.
"Қазгидромет" өкілі Любовь Бухтоярова қаладағы қою түтін мен тұманның қалыптасуына не түрткі болғанын түсіндірді. Ол қарашаның аяғындағы күндер желсіз, тымық болғанын айтып, оны "қолайсыз метеорологиялық жағдай" деп атады. Мұндайда ауа тазармайды, оған қоса тұман түсіп, ауа ылғалдығы артқан. Осы жайттардың әсерінен зиянды заттар шөгеді. Маман 1 желтоқсанға дейін жел соқпайды деген болжам бар деп ескертті.
Айта кету керек, Өскеменде бір жыл ішінде қолайсыз метеорологиялық жағдай шамаман 100 күн болады. Әсіресе, күз бен қыста көбірек.
Мұндайда экологтар халыққа ашық аспан астында жүрмеуді, терезелерді жабық ұстау керегін ескертеді. Балаларды сыртқа шығармауға кеңес береді.
ТҰРҒЫНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫ
Өскемен халқы ауа сапасы нашар деп үнемі шағынады. Белсенділер кейінгі жылдары қала әкімдігіне экология мәселесі бойынша митинг өткізетінін айтып бірнеше рет жазбаша ескерту жолдаған.
Бірақ жергілікті билік көбіне келісім бермей келген. Биыл 24 қарашада қала әкімдігі митинг өткізуге рұқсат берді.
Митингіге оншақты экобелсенді жиналып, "ауаны ластаушы" ірі кәсіпорындар инвесторларын жауапқа тартуды талап етті. Наразылық акциясына қатысқандар металлургиялық зауыттарды қоршаған ортаны ластаушы қауіпті нысан деп санайтынын айтты. Инвесторлардың заңсыз іс-әрекетіне құзырлы органдар көз жұма қарап отыр деп сын айтты белсенділер.
АУА ЛАСТАНУЫНА НЕ СЕБЕП?
Экология департаменті басшысы Азамат Тәуірбековтің сөзінше, қалада ауаға зиянды заттар шығару жөнінен бірінші санатта 58 кәсіпорын тіркелген. Олардың тек біреуі "Қазмырыш" компаниясынан тарайтын заттардың сапасын ауаға шығар жерінде өлшейді.
"Біздің департамент, Кәсіпкерлік кодексіне сай, заңды немесе жеке тұлға құжат жүзінде өтініш бергенде ғана кәсіпорындарға кезексіз тексеру жүргізе алады. Ал кез келген уақытта өз бетінше тексере алмайды", – деді Тәуірбеков.
Оның айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс жасалып жатқан кезде оның жобасында құзырлы органдарға кәсіпорындарды кезексіз тексеруге мүмкіндік беретін тармақ болған. Бірақ ол кейін алынып қалған.
"Экология инспекторларының қолы байлаулы. Кодекс жұмысты қияндатады", – деді Тәуірбеков.
Өскеменде ауаға зиянды газ шығарушы ретінде металлургиялық зауыттар, жылу электр орталығы мен қазандықтар, әртүрлі кәсіпорындар, автокөліктер, қатты және сұйық отын жағатын жеке үйлер аталады. Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің дерегі бойынша, жыл сайын қалада 160 мың тоннадай зиянды қалдық ауаға тарайды.
Тәуелсіз эколог Дәулет Асанов қаланың "шектен тыс" ластануының артында көмір лоббиі жатыр деп есептейді.
– Кейінгі жылдары қалада қалыптасқан түтін жылу электр орталығында көмір жағу артып, бақылауға алынбағанының және жеке үйлердің орталық жылу желісіне қосылмай, қаптап салынып жатқанының кесірі. Металлургиялық кәсіпорындар жабылғанын күтіп отыра бермей, барлық әсер етуші фактормен күресу керек. Қалада тағы бір жылу электр орталығы мен қазандық салу зиян әрі ақымақтық, – деді Асанов.
ЖАСЫЛ ЭНЕРГИЯ МЕН КӨМІР
Қазақстан үкіметі 2028 жылға дейін Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында ресейлік "Интер РАО – Экспорт" компаниясына жылу электр станцияларын салғызбақ.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев "жаңа ЖЭС-тер газ пайдалануға болатындай етіп салынады, болашақта газға ауыстырамыз" деді.
Ал эколог Дәулет Асанов жылу электр орталығы жоқ Семей мен Көкшетауда станция салып, қаланы толық сол кәсіпорыннан жылытуға ауыстыруға болады деп есептейді. Ал жылу электр орталығы бар Өскеменге тағы бір ірі станция салу онсыз да түтінге тұншыққан қаланың экологиясын "біржола өлтірумен тең" деді ол.
Дәулет Асанов көмір жағатын ЖЭС-тер салу туралы шешім мемлекеттің жасыл энергияға көшу саясатынан "көмір лоббиі басым түскенін көрсетеді" деп пайымдайды. Айтуынша, әлем елдері ауаға бөлінетін көміртегінің көлемін барынша азайтуға ұмтылып жатқандықтан, қазба отынды ел ішіндегі тұтынушылардан басқа сатып алатындар азайып келеді.
Қазақстанда тұтынушыны көмір арзан екенін айтып қызықтырады деді эколог.
"Елде ірі көмір шахталары мен көмірді ашық тәсілмен өндіретін кен орындары бар. Көмір – өте арзан отын. Оны қазір [басқа мемлекеттер] алмайды. Соны енді бірдеңеге жарату керек болып жатыр. Жаратудың амалы – осы жерде жағып, осы жерден энергия өндіру болып отыр. Сондықтан ары қарай көмір өндірісін өркендету мақсатымен тағы үш жылу электр станциясын салмақшы", – деді Дәулет Асанов Азаттыққа.
Бірнеше жыл бұрын Қазақстанның солтүстік пен шығыс өңірлерін газдандыру туралы жоспары болған. Газ көмірге қарағанда таза отын деп есептеледі.
Ресейден құбыр тарту немесе газды Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне жеткізу деген екі нұсқаны қарастырған. Бірақ бұл жоспар әлі орындалған жоқ.
2016 жылы қол қойылған Париж келісіміне сай, Қазақстан көміртегіден арылуға қарай қадам басуы керек. 2017 жылы елде пайдаланылатын отын-энергетиканың 54 пайызы – көмір, 24 пайызы – мұнай, 22 пайызы газдан тұрған болса, 2060 жылы бұлардың жиынтық көрсеткіші 29 пайыз болады деп көзделген.
Ал жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 70 пайызға жетуге тиіс. Қазір олардың көрсеткіші 4 пайызға жуық. Дегенмен үкімет мүшелері көмірден бас тарту қиын дегенді үнемі айтып келеді.
Үкімет шенеуніктері қазба отындарды "тұрақты", ал қалпына келетін энергия көздерін "тұрақсыз" деп айтады. Болашақта көміртекті бейтараптыққа "сенімді энергия көзі" деп АЭС салу арқылы жетуді ойлайды.
Бірақ эколог Дәулет Асанов мемлекеттің қалпына келетін энергия көздері тұрақсыз деген ұстанымын "аңызға" балайды.
"Еуропа елдері АЭС пен көмір энергиясынан бас тартып, жасыл энергияға ауысып жатыр. Неліктен ол жақта орындалған нәрсені біз мүмкін емес дейміз? Іске асыруға болады. Тек ақша құйып, генерацияны сол бағытқа икемдеу керек", – деді эколог Асанов.
АУА САПАСЫНЫҢ АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ӘСЕРІ МЕН ТІЗІМДЕГІ ҚАЛАЛАР
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша, ауаның ластануы – адам денсаулығына ең зор экологиялық қатер төндіретін факторлардың бірі.
Ауаның ластану деңгейін төмендету шаралары арқылы мемлекеттер инсульт, жүрек-қан тамыры аурулары, өкпенің қатерлі ісігі және созылмалы немесе жіті респираторлық аурулар, соның ішінде демікпе сияқты ауру түрлерінің ауыртпалығын азайта алады.
Қоршаған ортадағы ауа және үй ішіндегі ауаның ластануы жылына 6,7 миллион адамның мезгілсіз қайтыс болуына әсер етеді. 2019 жылы атмосфералық ауаның ластануы бүкіл әлем бойынша 4,2 миллион адамның мезгілсіз ажалына себеп болды деп есептеледі.
"Қазгидромет" мекемесінің мәліметі бойынша, Қазақстан бойынша 69 елді мекенде (қалалар мен ауылдар) ауаны бақылайтын метеостанциялар орналасқан.
Өте жоғары деңгейде ластанған төрт қаланың қатарында Қарағанды, Алматы, Астана және Қарағанды облысындағы Абай қаласы бар. Ал ластану деңгейі жоғары санатындағы бес қалаға: Өскемен, Семей, Петропавл, Жезқазған және Түркістан жатады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үш қаладағы жылу электр орталығын неге Ресей салады?