Ресейде "шетел агенті" танылған киносыншы Антон Долин Астанада кітабының тұсаукесерін өткізе алмады

Антон Долин Алматыдағы "Жесть" клубында сөйлеп тұр. 28 қараша 2024 жыл. Скриншот.

Ресейлік киносыншы Антон Долиннің 30 қараша және 1 желтоқсанда Астанада жоспарланған "Жаман орыстар" ("Плохие русские") кітабының тұсаукесері өтпейтін болды. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.

Айтуынша, ол Қазақстанда бес шара өткізуді жоспарлаған: екеуі жабық, үшеуі ашық, оның ішінде жаңа кітабының тұсаукесері де бар.

Астанада жоспарланған төрт шара келіскен орынның шараны өткізуден бас тартуы, техникалық мәселе және өзге жайттарға байланысты өтпейтін болған.

"Медуза" сайтының жазуынша, Долин "Плохие русские" кітабының тұсаукесерін 28 қарашада Алматыда да өткізбек болған, алайда шара өтеді деп хабарланған SmArt Point алаңы аз уақыт қалғанда іс-шараны өткізуден бас тартқан. Ұйымдастырушылар басқа орын тауып, сол жақта өткізген. Долиннің сөзінше, шараны полиция бақылаған.

"Осы жақта жүріп Қазақстанға Путин келгенін білдім. Астанада оны құшақ жая қарсы алды. Ешқандай шегеру болған жоқ. Тағдыр ма екен? Бір жыл бұрын Вильнюсте "мені Путинге көмектеседі"-мыс деп шарамды өткізбей тастаған, ал енді Алматы мен Астанадағы [іс-шарамды] Путиннің көңіл-күйін бұзбау үшін өткізбей қойған секілді әсер қалдырды (қалжың, бірақ тұтас олай болмауы да мүмкін)" деп жазды ол парақшасында.

Антон Долин — ресейлік танымал киносыншы, қазір шетелде тұрады. 2022 жылы Ресейде оны "шетел агенттері" қатарына енгізген, кейін "шетел агентіне" қойылған талаптарды орындамады және "ұнамсыз" ұйымдардың ісіне араласты деген баптармен жауапқа тартқан. Қазақстанда бұған дейін де соғысқа қарсы шыққан кейбір ресейліктер шараларын өткізе алмаған еді.