Ресейде президент сайлауы кезінде 22 млн дауыс ұрланды деген сарапшыға іздеу жарияланды

Владимир Путин инаугурация кезінде.

Ресей ішкі істер министрлігі сайлау сарапшысы Иван Шукшинге іздеу жариялады. Іздеу базасынан мәліметті "Медиазона" жариялады. Іздеу картасында оған тағылған айып жөнінде айтылмайды, сарапшының өзі істен хабарсыз болып шықты.

2024 жылы наурызда Шукшин президент сайлауынан кейінгі Ресей орталық сайлау комиссиясының деректерін жариялаған. Оларды математикалық тәсілдермен сараптаған ол жеңген кандидат - президент Владимир Путинге дауыс берілген шамамен 22 млн бюллетень жәшікке топтап салынған болуы мүмкін деген қорытындыға келген.

Бұған қоса, сарапшы Путиннің сайлаудағы бәсекелесі – соғысқа қарсы екенін білдіріп жүрген Владислав Даванковқа берілген дауыс саны төмендетіп көрсетілген болуы мүмкін деп топшылаған. "Бұрмалаушылықтың көмегімен оны үшінші орынға түсіріп жіберген" деді зерттеуші. Кремль айыптауларды жоққа шығарған.

Шукшин "Агентство" басылымына берген сұхбатында өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын білмейтінін жеткізген. Іздеу салынбай тұрып оған Краснодар өлкесі Геленджик полиция бөлімінен бірнеше рет хабарласқан. Сарапшы билік өзін президент сайлауында Путиннің пайдасына қарай дауыс ұрланғаны жөніндегі жазбасы үшін қудалауы мүмкін деп санайды.