Ресей әскері Украинаның барлық аумағындағы энергетика нысандарына шабуыл жасады

Көрнекі сурет.

Ресей Украинаның энергетика нысандарын дрон және ракеталармен жаппай атқылап жатқан шақта Украинаның барлық аумағында электр энергиясын уақытша өшіру шаралары енгізілді. Бұл жөнінде Украина энергетика министрі Герман Галущенко мәлімдеді.

Атап айтқанда, соққы Киев, Сумы, Харьков, Волын, Кировоград облыстарына жасалған. "Суспильне" арнасы Ровно және Луцкіде жарылыс болғанын жазды. РБК-Украина Одесса мен Кропивницкіде де жарылыс естілгенін хабарлады.

Зардап шеккендер мен қаза болғандар жөнінде мәлімет жоқ.

Харьков облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубовтің сөзінше, Харьковке ракетамен үш соққы жасалған. Салдары жөнінде әзірге ақпарат жоқ.

Украинаның барлық аумағында әуе дабылы іске қосылды.

  • Ресей әскері Украинаның энергетика нысандарына жиі соққы жасайды. Президент Владимир Путин Украинаның энергетика нысандарына соққыны "демилитаризация" процесінің бір бөлігі деп атап, ол Украинаның қорғаныс-өнеркәсібіне әсер етеді деп айтқан. Путин сонымен бірге Украинаның Ресей энергетика нысандарына шабуылына жауап беруге "мәжбүр" екенін айтқан. Кейінгі айларда украин дрондарының соққысы нәтижесінде Ресей аумағында бірнеше мұнай өңдейтін зауыт қираған.