Жоғалған ауыл. Мұнай бизнесі қалай бір ауылдың түбіне жетті?

Your browser doesn’t support HTML5

Березовка

Батыс Қазақстан облысы Березовка ауылында болған жаппай улану оқиғасынан бері он жыл өтсе де жергілікті тұрғындар созылмалы аурулар мен экологиялық апаттан зардап шегіп жатыр.

Алина Құсманғалиева бірнеше айда бір рет талып қалады. 24 жастағы косметолог бірде клиентінің алдында құлап қалған. Колледжде оқып жүргенде, сабақ үстінде орындықтан құлап түскен. Тағы бірде ұшақта есінен танып қалған.

Мұндай оқиға алғаш рет он жыл бұрын болған. 2014 жылы 28 қарашаның таңында 14 жастағы Алина әдеттегідей Березовка ауылындағы жалғыз мектепке жол тартады. Бұл — Қазақстанның солтүстік-батысында, қалың ақ селеу арасында орналасқан ауыл. Ауада шіріген жұмыртқаның иісі шығып тұрды, Алина бұған үйреніп қалған. Ол бала кезінен жақын маңдағы мұнай кен орнының қалдықтарынан шығатын жағымсыз иіспен өскен.

“Бұл — біз үшін қалыпты құбылыс болатын”, — дейді Құсманғалиева.

Алина бірінші сабақтан кейін өзін нашар сезінген оқушыға алғашқы көмек пунктіне жетуге көмектескен. Артынша өзінің де хәлі нашарлап, есінен танып құлаған.

Түске қарай 20 шақты оқушы мен бірнеше мұғалімнің басы айналып, аяқ-қолы құрысып, есінен тана бастаған. Кей оқушылардың аузынан ақ көбік аққан. Көшеде сиренасы құлақты жарған жедел жәрдем жүйткіп, ата-аналар “балалар есінен танып жатыр” деп жан ұшыра жүгіргенде, мектептегі жағдайды бүкіл ауыл естіді.

Одан кейінгі бірнеше сағатта жағдай онан сайын ушыққан. Дәрігерлер науқастарды зембілге байлап, 30 километр жердегі ауруханаға баратын жедел жәрдем көлігіне тиеп жатты. Мектептің алдына жүздеген адам жиналып, жергілікті биліктен жауап талап етті. Бірақ халыққа ешкім мардымды жауап бермеді.

Дәрігерлердің талып қалған балаларды ауруханаға әкелген сәті. 28 қараша 2014 жыл.

Құсманғалиева кешкісін ауруханада жатып ес жиған. Бір аптадан кейін үйіне оралған. Бірақ күнде есінен танып қала беретін. Дәрігерлер мұның себебін түсіндіре алмады.

“Бізге “Жасөспірім шақтасыз. Басыңызда бірдеңе бар” деді”, — дейді Құсманғалиева.

Одан кейінгі апталарда дәрігерлер мен жергілікті шенеуніктер қоғамдық жиындарда жұмбақ жағдайдағы жаппай созылмалы аурудың себебін көп күмәнді теориялармен түсіндірген. Мәселен, “ата-аналар балаларына зиянды тамақ берген”, “қыздар етеккір салдарынан есінен танған”, “мектептің қазандығынан газ шыққан”, “балалар ауырдық деп өтірік айтқан” деген.

Бірақ тұрғындар балалардың түнде де жанып жататын, бүкіл ауылдың ауасын ластап, сасық иіс шығаратын газдан уланғанына шүбәсіз сенді. Олар ауылдан 5 километр жердегі Қарашығанақ мұнай-газ конденсатын өндіретін кен орнынан улы қалдықтар шығатынын жақсы білетін.

Your browser doesn’t support HTML5

Березовкада талып құлау жалғасты

1998 жылы Agip (қазіргі атауы — Eni S.P.A.), британдық газ тобы (қазіргі атауы — Shell PLC), Texaco (қазіргі атауы — Chevron Corp.) және ресейлік “Лукойл” Батыс Қазақстанда мұнай мен газдың жерасты қорын игере бастады.

Эколог, мұнай-газ өндірісінен зардап шеккен Каспий және Қара теңізді қорғаумен айналысатын америкалық Crude Accountability үкіметтік емес ұйымында қоршаған орта бойынша кеңесші болып істеген Сергей Соляник “ол кезде компания жергілікті халыққа “жұмақ” сыйлауға уәде берді дейді. 2010 жылы тұрғындар түсірген шағымға сәйкес, мұндай уәделердің қатарында Березовкаға газ құбырын жүргізуді қаржыландыру, мектеп пен мәдениет орталығын жөндеуден өткізу, балаларға музыкалық аспаптар мен рюкзак сияқты сыйлықтар беру болған.

Белсенділер уақыт өте келе бұл жобаларға қосымша (олардың кейбірі басқаларына қарағанда тиімдірек болды) жергілікті халық әлдеқайда "қорқынышты бәлеге жолықты "дейді.

“Ластанған жер, уланған ауа мен су, жұмыссыздық, жергілікті халықтың өмір сүру сапасының төмендігі”, — дейді Соляник.

Тұрғындар мен белсенділердің сөзінше, жерасты кен орны игерілген бірнеше жылда табиғат пен ауыл шаруашылығына орасан зор шығын келіп, жергілікті адамдардың қан қысымы көтеріліп, басы ауырып, есте сақтау қабілеті нашарлай бастаған.

Он жылдан кейінгі қаңыраған Березовка.

Қоршаған ортаның жағдайы мен халықтың денсаулығы күрт нашарлаған соң, тұрғындар өздерін басқа жерге көшіріп, өтемақы төлеуді талап етіп, қоғамдық кампания бастаған.

Ақыры 2015 жылы Қазақстан билігі Березовка тұрғындары көшіріледі, бүкіл шығынды Karachaganak Petroleum Operating (KPO) компаниясы өтейді деп мәлімдеді. Кейінгі бірнеше жылда халықты көшіру процесі жүрді.

Сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев “халықты көшіру” жайлы мәлімдемесінде “Үкіметтің бағалауынша, қоршаған орта мен халықтың денсаулығы мәселесіне Қарашығанақ кен орнының қатысы жоқ” деді.

Табиғи газ өндірісімен айналысатын KPO бірлескен кәсіпорны ICIJ (Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумының) сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Бірақ компанияның есебі мен қоғамдық мәлімдемелерінде кәсіпорын қызметі Березовка тұрғындарының денсаулығына әсет етпегені айтылады.

"Karachaganak Petroleum Operating компаниясының экологиялық мониторингі Қарашығанақ аумағында зиянды заттардың артық мөлшерін анықтаған жоқ" деп жазды компания өкілі ICIJ (Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумының) сұрақтарына қайтарған жауабында. Компания өкілінің сөзінше, Қазақстан билігі "бұрынғы Березовка ауылы халқының жаппай улануына компанияның қатысын" жоққа шығарған. Ол 2014 жылғы жаппай талып қалу оқиғаларына басқа не себеп болуы мүмкін екенін айтпаған.

Қазір KPO кәсіпорнын Shell және италиялық Eni энергетикалық компаниясы басқарады. Қос компанияның әрқайсысы кәсіпорынның 30 пайыз акциясына ие. Қалған 18 пайызы — Chevron-ға, 13,5 пайызы — Лукойлға, 10 пайызы — мемлекеттік “Қазмұнайгаз” компаниясына тиесілі.

Бірақ Березовка ауылының мәселесі Қарашығанақтан ғана басталған жоқ. Ауылдың оңтүстігіне қарай 644 және 966 километр қашықтықтағы Қашаған және Теңіз мұнай кен орындарына жақын тұратын адамдар ауа тыныстауға жарамайтынын, майлы судан ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатқанын айтып шағынып келеді. Қашағанды North Caspian Operating Co. (Eni, Shell, ExxonMobil және француздық TotalEnergies компаниялары кіретін бірлескен кәсіпорын, әрқайсысы 16,8 пайыз акцияға ие), Теңіз кен орнын Tengizchevroil (Chevron — 50 пайыз және ExxonMobil еншілес компаниясы — 25 пайыз қарайды) игереді.

Бұл бірлескен кәсіпорындар Қазақстанның әртүрлі өңірінде жұмыс істеп, атауы әртүрлі болғанымен, олардың құрамына елдің ең бағалы ресурсынан пайда көріп отырған сол баяғы энергетикалық алпауыттар кіреді. Бұл батыс компанияларының кейбірі қазақ мұнайын Ресей мен Еуропаға таситын, 1511 шақырымдық Каспий құбыры жобасына қатысып отыр.

Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы мен құрамына Азаттық та кіретін “Каспийге қатысты астыртын іс-қимылдар” жобасы құбыр мен оған мұнай-газ жіберетін қазақстандық кенішткерді зерттеді. Екіжылдық зерттеу құпия хаттар, компания презентациясы, мұнай өнеркәсібіндегі басқа да жазбалар, аудит есебі, сот және нормативті құжаттардан тұратын ондаған мың қағазға негізделген. Сонымен қатар жүздеген сұхбат, оның ішінде Shell, Chevron және Exxon компанияларындағы ақпарат көздері мен бұрынғы жұмысшылардың айтқаны бар.

Бірақ компаниялар авторитар елдердің жетекшілерімен келісім жасап жатқанда, кен орындарына жақын орналасқан ауылдар қаңырап босап немесе Березовка сияқты өмір сүруге жарамайтын мекенге айналды.

“Адамдар туған жерінен айырылды”, — дейді Соляник.

ICIJ екі жыл бойы Қазақстанға келген батыс энергетикалық компаниялары тұрғындар айтқандай қоршаған орта мен халықтың денсаулығында зиянды із қалдырды ма, әлде адам, мал мен жер тағдырына әсер еткен басқа да шындыққа жанасатын себептер бар ма деген сұрақтың жауабын іздеп көрді. Бір нәрсе анық еді: Қазақстанда болған жағдай жаңа ресурс пен пайда іздеген мұнай компаниялары баратын келесі елге сабақ болар еді.

“БІЗДЕ БӘРІ БАР ЕДІ…ЕШКІМ БОЛМАЙ ҚАЛДЫҚ”

Батыс Еуропаның көлемімен бірдей Қазақстан — қазір Орталық Азиядағы ең бай мемлекет. Бірақ 1979 жылға дейін мұндағы табиғи қазба байлық көлемі белгісіз болып келді. Ол кезде Қазақстан Совет Одағының құрамында еді. Совет геологтары мұнай мен газдың екі үлкен кен орнын ашты: Salt Lake City қаласының аумағымен бірдей Қарашығанақ және одан оңтүстікке қарай 966 километр жердегі Парижден 4 есе үлкен Теңіз. Елдегі тағы бір ірі кен орны Қашаған 2000 жылы ашылды.

Совет Одағы тарағаннан кейін бірнеше тарап мұнай-газ кен орындарын мүмкіндік деп тапты. Пайдалы қазба қорынан пайда тапқысы келген Қазақстанға кен орнын игеретін заманауи батыс технологиялары керек болды. Энергетикалық компаниялар осы дұрыс игерілмеген кен орындарын пайдалануға тырысты. Батыс үкіметтеріне Қазақстанда мұнайдан да артық мүмкіндік бардай көрінді.

“АҚШ пен Батыс елдеріне энергетика ресурстарға қол жеткізуі үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұрақтылығын қолдау маңызды. Қазақстандықтар шетел инвестициясы мен батыс технологиялары экономикалық және әлеуметтік өсімге әсер етіп, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін ресурстарды игеруде маңызды рөл атқаратынын мойындайды” делінген 1997 жылы АҚШ-тың сол кездегі бірінші ханымы Хилари Клинтонның Қазақстанға сапары алдында жарияланған құжатта.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарашығанақты игеру кешенінің ашылуына қатысқан сәті. Тамыз 2023 жыл.

The Wall Street Journal-дың Совет Одағындағы бұрынғы шетелдік тілшісі, “Мұнай және даңқ: Каспий теңізіндегі империя мен байлықтың соңынан қуу” кітабының авторы Стив Левин ICIJ ұйымына АҚШ-тың Қазақстанға шетелдік инвестиция тартуды қолдауына тағы бір геосаяси себеп болды, олар Ресейді бақылауда ұстағысы келді дейді.

“Бұрынғы шекарасына оралып, Шығыс Еуропаға немесе оңтүстікте Кавказ бен Орталық Азияға қарай кеңеймеген Ресейдің сол орнында қалып, бұрынғы территориясын қайтарып алмайтынына қалай кепіл бола аламыз?” — дейді Левин.

Дүниежүзілік банк дерегінше, мұнай-газ секторына салынған шетелдік инвестиция арқасында 1990, 2000-жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өсті. Халықаралық энергетикалық агенттік есебінше, мұнай мен газ Қазақстан экспортының негізгі бөлігін құрайды және мемлекеттің ең ірі табыс көзі саналады.

Мұнайдың арқасында басталған қарқынды өсім жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, әсіресе, Алматы және Астана сияқты орталық қалалардағы өмір сүру сапасын арттырды. Қазақстан 2024 жылы БҰҰ Даму бағдарламасының адамның дамуы индексінде 67-орынға дейін көтеріліп, Сербия мен Таиландқа сәл ғана ілесе алмағанымен, көрші мемлекеттерді жолда қалдырды.

Бірақ мұнайдан түскен қыруар ақша толықтай төменге (қарапайым халыққа деген мағынада — Ред.) кеткен жоқ. Халықаралық KPMG трансұлттық аудит және консалтинг компаниясы Credit Suisse деректерін пайдаланып, 2018 жылы Қазақстан байлығының жартысына жуығы небәрі 160 адамға тиесілі екенін мәлімдеген.

Қарашығанақ Березовканың артқы жағында орналасқан. Ақ қайың көп өсетіндіктен, ауыл Березовка аталған. Ондаған жыл бойы Березовка қазақтар мен славяндардың бірнеше ұрпағы тұрған, ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған орталық еді. Ауылда мәдениет орталығы, емхана, трактор жөндейтін орын, шағын азық-түлік дүкені, балығы көп өзен, христиандар мен мұсылмандар зираты болатын. Үйлердің сырты Қазақстан туына сай ашық көк-сары түске боялатын.

Жергілікті халық ірі қара мал мен жылқы өсіріп, бау-бақша егетін. Тұрғындардың айтуынша, Совет Одағы тұсындағы инфрақұрылымның түгі қалмаған соң, өмір сүру қиын болған. Топырақ жол, үй ішінде су құбыры жоқ, ең жақын елдімекен — 24 километр жерде.

“Бізде бәрі бар еді”, — дейді Березовкада тұрған музыка мұғалімі Светлана Аносова. — Кейін ешкім болмай қалдық.

Березова ауылындағы жиналыста сөйлеп тұрған "Жасыл дала" экология бірлестігінің белсендісі Светлана Аносова. 24 маусым 2015 жыл.

1997 жылы “Лукойл” мен оның батыстық серіктестері Қазақстан үкіметімен KPO бірлескен кәсіпорны арқылы Қарашығанақ кен орнын 40 жыл бойы игеру туралы келісімге қол қойды. Тұрғындар компания Березовканы қалпына келтіреді деп үміттенген.

Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы омбудсмені кеңсесінде дауды шешу бойынша маман болып істеген Кейт Копишке дамушы елдердің көбінде үкімет адамдар үшін жұмыс істемейді, сондықтан тұрғындар шетелдік компанияларға алақан жайып, өмір сүруге қажетті базалық көмек сұрайды дейді.

Березовкада туып-өскен бұрынғы кітапханашы, 69 жастағы Дамиля Мұрсалимова басында компания ауылдың қамын ойлап, су мен жарықты тегін кіргізді деп, инфрақұрылымның дұрысталғанын мақтап жүрген.

Көп ұзамай кей тұрғындар алаңдатарлық өзгерістерді байқаған: ауылға улы түтін келіп, өзендегі балық жойылып кетті, көкөніс тез шіріп, физикалық ауытқуы бар түліктер туып, мал жұмбақ жағдайда қырыла бастады.

2002 жылы жоспар бойынша, KPO компаниясының қоршаған ортаға әсерін бағалау кезінде кен орнының флора мен фаунаға айтарлықтай әсері бары анықталмаған.

Бұл ауыл тұрғындарына жалған ақпарат болып көрінді.

Березовкада туып-өскен бұрынғы кітапханашы Дамиля Мурсалимова. Қазір Оралда тұрады.

68 жастағы Вера Восковой күйеуімен бірге өзеннің жоғарғы ағысында тұрған. Бір күні таңертең сиыр саууға шыққанында су үстіне қызғылт түсті тұман түскенін байқаған. Осыдан кейін Вераның тауықтары қырылып қалды. Мысығы да өлді. Вера үй жануарлары ауадағы күкірттен қырылды дейді.

Қазақстандағы мұнай-газ кен орындары құрамында “ащы газ” деп аталатын күкіртті сутек концентрациясы қауіпті деңгейде жоғары көмірсутек шығарады. Күкіртті сутекпен тыныстау миға баратын оттегі мөлшерін азайтады. Салдарынан бас айналып, салмақты неврологиялық мәселелер туындайды. Экстремалды әсер жағдайында адам есінен танып, тіпті, өліп кетуі мүмкін.

2000 жылы Қазақстан үкіметі комиссиясы Теңіз кен орнын игеру басталғалы 64 жұмысшы мен жақын маңдағы Сарықамыс ауылының 5 пайызы (189 адам) қайтыс болғанын анықтаған. Жергілікті ақпарат құралдарының дерегінше, жұмысшылардың көбі үйде жүрек-қан тамыры ауруларынан көз жұмған. Сол кездегі жаңалықтарда компания басшысы жұмысшылар мен тұрғындар қазасына кен орнының қатысы жоқ деген. Эколог мамандар жаппай өлімді жартылай болса да күкіртті сутек сияқты улы газдардың қысқа және ұзақмерзімді әсерімен байланыстырады.

Ол кезде белгілі қазақ экологы, қазір марқұм болған Муфтах Дияров экологиялық журналға “Ауыл тұрғындарының 90 пайызы ауру” деп жазған. Ол ауылдағы аурулар мен өлім себебін жергілікті экологиялық апаттан іздеген, ал “экологиялық апатқа Теңіз кешені әсер етті” деген. Эколог сол маңдағы басқа ауылдарда да осыған ұқсас мәселелер болуы мүмкін деп топшылаған.

Бұл мәселе Теңіз кен орнының маңында тұратын халықты ғана емес, Қарашығанаққа жақын Березовка тұрғындарын да алаңдатты.

“Бәрі бір күні уланып, орнымыздан тұрмай, оянбай қаламыз ба деп қорықты”, — дейді Мұрсалимова.

Музыка мұғалімі Аносова 2002-2003 жылдары үй-үйді аралап, 400 отбасының қатысуымен сауалнама жүргізген. Сұхбат берген ересек адамдардың 75 пайызы есте сақтау қабілетінен айырылған. Жоғары сыныпта оқитын жастардың 75 пайызы есінен танып қала береді.

“Үнемі басым ауыратын. Жаным шығардай айқайлап, аурудан жер тырмалап кететінмін”, — дейді 24 жасында Вера Воскобойдың ұлына тұрмысқа шығып, Березовкаға көшіп келген ауылдың бұрынғы тұрғыны Светлана Воскобой.

Осыдан кейін көп ұзамай жоғары сыныпта оқитын 110 оқушы Қазақстан үкіметі мен әлемдік қауымдастықты өздерін мазалайтын медициналық мәселелерді шешуге шақырып, хат жазған.

“Көбіміз кейінгі 1-2 жылда есімізден танып қала береміз. Мұғалімдер оқу үлгеріміміз нашарлағанын айтады” делінген хатта.

Одан кейінгі бірнеше жылда KPO ауыл тұрғындарының уайымына өңірлік ақпарат құралдарына “ауыл тұрғындарының денсаулығы жайлы шағымы театр қойылымына ұқсайды” деген сарындағы материалдар басумен жауап берді. Тұрғындардың сөзін сөйлеген Crude Accountability экологиялық ұйымын “альтруист” деп атады. Мұнай компаниясы тұрғындар денсаулығының нашарлауын Совет Одағы тарағаннан кейін Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұралауымен, советтік дәуірдегі су құбыры, кәріз жүйесі сияқты инфрақұрылымның ескіруімен түсіндірді.

Березевка тұрғындары баспасөз жиынын өткізіп отыр.

2004 жылы өңірлік денсаулық сақтау мекемелері 840 тұрғынның денсаулығын тексеріп, медициналық сауалнама жүргізген. Жергілікті басылымның хабарлауынша, күкіртті сутектің кері әсерінен туған аурулар табылмаған. Бірақ ауыл тұрғындарына бұл есептің жай-жапсары таныстырылмады.

“Қазақстан билігі оларды көп рет тексерді, бірақ бірде-бір рет нәтижесін айтпады. Халық бірде “Біз сендерге зертханалық қоянбыз ба?” деп қынжылған сәт болды”, — дейді Crude Accountability атқарушы директоры Кейт Уоттерс.

Бірнеше айдан кейін Crude Accountability тәуелсіз медициналық медициналық тексеріс ұйымдастырды. Бұл үшін Березовка ауылының 60 тұрғынын көрші қаладағы емханаға апарды. Тұрғындар анкета толтырып, қан тапсырды. Тексерілуге келген халық ауруханадан шыға бергенде қара түсті былғары күртеше киген белгісіз адамдар кей тұрғындарды итеріп, полиция көлігіне салмақ болды.

“Арқан тартыс сияқты болды. Полиция әйелдерді полиция көлігіне салуға тырысады, қарсылық танытқандарға күш көрсетеді”, — дейдіо қиға куәгері Уоттерс.

Жанжалды басу үшін Уоттерс ерлерді ертіп, аудандық әкімдікке барған. Уоттерсті Crude Accountability ұйымының ауылдағы жұмысы бойынша бір сағат тергеген. Кейін жергілікті газет Уоттерстің төлқұжат деректерін жариялап, оның туристік виза ережесін бұзғанын жазған.

Медициналық тексеру қорытындысы халықтың ішіндегі күмәнді баса қойған жоқ. Ауыл тұрғындарының қан сараптамасы мен анкетасын тексерген ресейлік дәрігерлер ICIJ берілген есепте науқастар сипаттаған ауру белгілері тыныс жолдарын ашытатын газдарға тән, бұл Қарашығанақта өндіріспен тікелей байланысты деген қорытындыға келген.

Бірақ дәрігерлер түпкілікті қорытынды жасау үшін көбірек тұрғын арасында тексеру жүргізу керегін айтқан.

Осыған дейінгі тексеріске қатысқан адамдар (олардың көбі әйелдер, балалар мен қарттар) бұл тәжірибеден қорқып, “Қатты көзге түсе бермейік” деген.

Осыдан кейін көбі KPO компаниясына қарсы шығудан бас тартқан.

Your browser doesn’t support HTML5

Березовка бір жылдан соң көше бастады

АЙҒАҚТАР УАҚЫТЫ

KPO компаниясы 1998 жылы Қарашығанақ кен орнын игеруді бастағанда, Березовка ауылының бір бөлігі үкімет белгілеген санитарлық-қорғаныс аймағына кіретін. Қарашығанақтан шығатын улы қалдықтар салдарынан 5 километрге дейінгі учаске қауіпті саналатын. Мемлекеттік заң бойынша, күкіртті сутек концентрациясы 2 пайыздан асатын кез келген кен орнының жанында бес километрге дейін санитарлық-қорғаныс аймағы болуы керек. Дамушы елдердің жеке секторына инвестиция құятын Халықаралық қаржы корпорациясының есебіне сәйкес, Қарашығанақтағы күкіртті сутек мөлшері — 4-4,3 пайыз. Үкімет беліленген қауіпті аймақта тұратын халықты басқа жаққа көшіруі керек еді.

KPO санитарлық-қорғаныс аймағы Совет дәуірінен қалған, ескірген концепция деп, оның орнына ауаға бөлінетін зиянды қалдық мөлшерін азайтатын болды. Компанияның 2002 жылғы қоршаған ортаға әсері жайлы есебінде “Березовкада бұрғылау жұмыстары жүрмесе, ол территория санитарлық-қорғаныс аймағында деп саналмайды” деп жазылған. 2003 жылы Қазақстанның бас санитар дәрігері де осы пікірге қосылып, жаңа технологиялардың қолданысқа енуі газ кен орнынан туатын қауіпті азайтты деді. Дәрігер 2004 жылы санитарлық-қорғаныс аймағын 5-тен 3,1 километрге дейін қысқартатын хатқа қол қойды (Бұл өзгеріс 2006 жылы заңсыз деп танылып, 2010 жылы ресми түрде алынып тасталды).

Аносова мен ауылдың басқа тұрғындары өздерін бастапқы санитарлық-қорғаныс аймағы бойынша көшіру керек еді деп есептейді. Қарашығанаққа жақын Тұңғыш ауылының тұрғындары 2003 жылы көшірілді. Бірақ бұл жолы үкімет ешқандай жеңілдік жасамады.

“Қанша шағымдансақ та, бізге назар аудармады”, — дейді Мұрсалимова жергілікті биліктің әрекетсіздігіне ашынып.

2014 жылы халық жаппай есінен тана бастаған соң ғана үкімет “Болашақта кен орнын кеңейту үшін Қарашығанақ маңындағы санитарлық-қорғаныс аймағын кеңейтеміз, Березовка тұрғындарын көшіру шығындарын KPO компаниясы өтейді деді. Бұл ауыл тұрғындары арасында әртүрлі эмоция туғызды. Кейбірі мұның тым аз әрі кеш жеткен көмек екенін түсінсе де, балаларын Қарашығанақтан алыстау жерге алып кететініне қуанды, басқалары туған үйі мен бақшасын қимай, мұңайды.

Қаңыраған Березовка. 2024 жыл.

Бұл KPO ауыл тұрғындарының басына келген жағдай үшін жауапкершілік алды дегенді білдірмейді. 2014 жылы мұнай консорциумы акционерлеріне арналған жылдық есебінде “Березовка ауылындағы балалар компания өндірісінен бөлінген улы қалдықтар кесірінен есінен танып қалды дегенге дәлел жоқ” деп жазды. Кейін компания халықты медициналық диагностикадан өткізіп, емдеу Қазақстандағы мемлекеттік органдардың міндеті деді. Бірақ Березовка тұрғындарының көбі жергілікті дәрігерлерге сенбейтін.

“Олар Қазақстанда диагноз қойдырғысы келмейді. Бізге “балалар өтірік істеп жатыр” дейтін”, — дейді Светлана Воскобой. Балалар жаппай есінен танған оқиғадан кейін бірнеше айдан соң, оның қызы ауырып қалған.

Crude Accountability дерегінше, балаларын Қазақстанның түкпір-түкпіріне емдетуге апарған басқа ата-аналар да невроз, эпилепсия, диарея сияқты күмәнді диагноздар естіген.

KPO компаниясы еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі бөлімінің сол кездегі менеджері Стив Райт тұрғындарға мектептегі оқиға күні кен орнынан белгіленген мөлшерден тыс қалдықтар бөлінген жоқ деп ақталған.

БҰҰ-ның адам құқықтары және улы заттар бойынша бұрынғы арнайы баяндамашысы Баскут Тунджак “KPO компаниясының “газ кен орны балалардың ауруына себеп болған жоқ” деген уәжі тұрғындардың көңілінен шықпады” деді.

“Компания қоршаған орта мен халық денсаулығына зиян келтірмегенін дәлелдеуі керек. Бірақ өкінішке қарай, халықты кім, қанша уақыт, немен улағанын дәлелдеу ауыртпалығы зардап шеккен тарапқа түсіп отыр. Бұл ауыртпалықты еңсеру қиын. Бұл жүктің халыққа түсуінің өзі әділетсіздік”, — дейді Тунчак.

Texas A&M университеті атмосфера ғылымдары кафедрасында дәріс беретін Гуннар Шаде ICIJ ұйымына жіберген электронды хатында 2014 жылы 28 қарашадағы (мектептегі жаппай есінен тану оқиғасы болған күн) ауа-райына қарасақ, Қарашығанақтан жаңадан немесе ұзақ уақыт бойы бөлінген күкіртті сутек немесе көмірсутек ауылға жетіп, еңіс жердегі адамдардың денсаулығына әсер еткен болуы мүмкін деп жазды.

Мектеп ауылдағы ең төмен нүктеде орналасқан. Шаденің айтуынша, Березовка ауылы тұрғындарының ауру белгілері көп жылға созылған күкірт сутегі немесе көмірсутек әсеріне ұқсайды.

2015 жылы шетелдік дәрігерлер Березовканың үш баласына улы энцефалопатия деген диагноз қойды. Бұл — улы заттар әсерінен болатын ми ауруы. Ауру белгілеріне есте сақтау қабілетінен айырылу, летаргия және есінен тану жатады. Емделмесе, бұл ауру миды толық зақымдауы мүмкін.

Үш жылдан кейін Crude Accountability мектепте есінен танып қалғалы ауру болып қалған екі оқушыға крауфандинг арқылы ақша жинап, Мәскеудегі медициналық орталыққа жіберген. Олардың бірі — Алина Құсманғалиева.

“Тексеруден өттік, улы заттан уланғаным белгілі болды”, — дейді ол. Құсманғалиева мен оның кей сыныптастарына көпжылдық еңбек жоспары жасалған. Оған қымбат дәрі-дәрмек пен үздіксіз бақылау кіреді.

“Балаларымды әлі емдетіп жүрмін. Ауру қыр-соңымыздан қалмай қойды”, — дейді Светлана Воскобой.

Your browser doesn’t support HTML5

Уланған екі балаға Ресейде диагноз қойылды

"ЕШКІМ ТҮСІНБЕЙДІ"

KPO әуел бастан өз қызметін қоғам мүддесіне сай етіп көрсетуге тырысты, бұл халықтың ашуын туғызды. 1997 жылы KPO-ға кіретін компаниялар Қарашығанақты игеру жайлы келісімге қол қойғанда, жыл сайын әлеуметтік жобаларға 10 миллион доллар беріп отыруға келіскен. 2010 жылы Қазақстан үкіметімен жасалған келісім аясында компанияның әлеуметтік төлемдері 20 миллионға дейін артты. Бұл қаржы өңірдегі бас әуежайды реконструкциядан өткізіп, жол жөндеп, мектеп салуға және басқа да жобаларға жұмсалды. 2021 жылы KPO компаниясы корпоративті әлеуметтік жауапкершілігі үшін үкіметтен мәртебелі жүлде алды.

“Бірақ мұндай әлеуметтік жобалар көбіне, корпоративті жарнама, компания істерін көлегейлейтін шымылдық, имидждік құндылық қалыптастыру үшін жасалады. Ал ар жағында лас өндіріс жалғасып жатады”, — дейді Сассекс университетінің антропологы Дина Раджак.

KPO бұл әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы рөлі шектеулі екенін мойындайды, сондықтан тұрғындар шағынғанда, үкіметке жүгінеді. Компания дерегінше, жыл сайынғы әлеуметтік жобалар тізімін өңірлік билік дайындайды. Ал компания оларды қаржыландырып, құрылысын басқарады. Жергілікті мердігерлер қара жұмысқа жауап береді, құрылыс аяқталғаннан кейін нысанның ары қарайғы күтімін үкімет өз мойнына алады. Бұл жүйе KPO компаниясына нашар әрі сапасыз атқарылған жұмыстары үшін жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік беріп келген.

KPO-ның 2022 жылғы әлеуметтік тиімділік жайлы соңғы есебіне сәйкес, компания 2018 жылдан бері Қарашығанақты қосқанда, ауданның инфрақұрылымын дамытуға ақша бөлмеген. Оның орнына ауданнан үш сағаттық жердегі Орал қаласына 24 миллион долларға концерт залын салып берген.

Бұл мұнай-газ кен орнына жақын тұратын азаматтардың ашу-ызасын туғызды.

Мәселен, Березовканың солтүстігіндегі Жаңаталап ауылын алайық. Ауылда топырақ жол ғана бар, жаңбыр жауғанда ауылдан шығу мүмкін емес.

“Жол батпақ болса, Жаңаталап тұрғындары кен орнындағы жұмысына бару үшін Қарашығанаққа дейін 6 километр жаяу жүреді”, — дейді зейнеткер Сергей Келдібаев. Оның сөзінше, жаңбырлы күндері ауылға жедел жәрдем көлігі де кіре алмайды.

Келдібаев KPO қызметкерлерінен “Компания Жаңаталаптағы жолды жөндеуге неге ақша бөлмейді?” деп сұрағанда, олар кәсіпорын жыл сайын миллиондағы доллар ақша беретінін, бірақ қаржының бәрі өңірге жұмсалатынын айтқан.

Копишке халықаралық қаржы корпорациясының бұрынғы дауды шешу бойынша маманы болып істеп жүргенде, дамушы елдерде істейтін талай компаниямен сөйлескен. Оның айтуынша, кей компаниялар жергілікті халыққа әлеуметтік және инфрақұрылымдық көмек беру жайлы ұсынысқа қарсы болғанын еске алады. Бірақ компанияның жергілікті қоғамға әлеуметтік және экологиялық әсері болса, адамдар оның орнына бірнәрсе алғысы келеді.

Қазақстанның мұнай өндіретін аймақтарында қарт тұрғындар шетелдік мұнай компаниялары келгелі қоршаған ортадан өзгерістер байқағанын айтады.

Келдібаев Жаңаталапта 20 метр тереңдіктен шыққан су майлы, темір татиды дейді. Кейде Қарашығанақтан бөлінетін улы қалдықтар Сергейдің ауылына жетеді. Ондайда Сергейдің әйелінің тынысы тарылып, төрт түлік малының көкірегі сырылдай бастайды. Әйелі екеуінің қан қысымы жоғары, жергілікті емханаға барса, мерзімі өткен, ескі дәрі жазып береді.

“Өтемақы түгіл, тас та жоқ. Тек жылына бір рет [KPO] шипажайға жолдама береді”, — дейді Қарашығанаққа жақын тұратын халықтың жанайқайын жеткізген Келдібаев.

KPO жыл сайын тұрғындарды Совет Одағынан қалған медициналық орталықтарға жіберуді ұсынады. 2022 жылы компания Қарашығанақ маңында тұратын 150 адамға жолдама бергенін айтқан. Келдібаев пен әйелі компаниядан жолдама алған емес, өйткені емделуге кетсе, малдарын қарайтын адам жоқ. Сондықтан ауруымен өмір сүріп үйренген.

“Қайда барамыз?”, — дейді Келдібаев. Зейнетақымыз 100 мың теңге ғана (200 доллардан сәл ғана асады), үй немесе пәтер алатындай жеткілікті табыс таппаймыз.

2024 жылы наурызда өткен қоғамдық талқы кезінде Қазақстанның солтүстік-батысындағы шағын қалаларда тұратын адамдар үкіметтен 6 жыл бойы өздерін басқа жаққа көшіруді сұрап, уланған, лас ауа жұтып жүргендерін айтып келгендерін еске алды.

Таскескен мен Ескене North Caspian Operating Co. (NCOC) қарасты (бірлескен кәсіпорын құрамына Eni, Shell, Exxon, TotalEnergies кіреді) мұнай өңдеуші зауыттың санитарлық-қорғаныс аймағынан тыс орналасқан. Бір тұрғынның айтуынша, NCOC компаниясы жергілікті халыққа “зертханадағы сынақтан өтетін қояндар” сияқты қарайды. Қала маңына темір жол салынып, газ құбыры тартылғалы жайылым жерлер жойылып, халық мал өсіре алмай қалған. Басқа тұрғындар NCOC жабдықтары электр энергиясын көп тұтынады, осыдан кір жуу машинасын қосуға қуат жетпейді деп шағынды.

NCOC компания қызметінің жергілікті халықтың өміріне әсері жайлы сұрақтарға электронды хат түрінде жауап беріп, кәсіпорын нысандары Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген талаптарға сай орналасқан” деді. Компания темір жол мен жаңа жобалар орналасқан аудандарда жайылымдық жерлер жоқ, ал кәсіпорынның электр энергиясы, жылу мен будағы өндірістік қуаты өз-өзіне жетеді деп жауап берді.

Кей қоғамға шағымның түпкі себебін анықтау оңай емес. Мәселен, топырақ жолдан тұратын шағын Дамба ауылы NCOC игеретін Қашаған теңіз мұнай кен орнына жақын орналасқан. Жарты ғасырдан бері осында тұратын бұрынғы ветеринар Ерболат Қайыров сияқты тұрғындар кейінгі бірнеше жылда ауаның сапасы нашарлағанын байқаған. Дамба мен өңірдегі басқа қалалар Батыстық компанияларға қарасты кен орындары, мемлекеттік мұнай өңдеуші кәсіпорындар мен суды булану әдісімен тазартатын жасанды су айдындарының әсерінен ластанып жатыр. Бірақ аталған ластану көздерінің әрқайсысының әсері жайлы жеке дерек жоқ.

“Эколог мамандар емеспіз”, — дейді Қайыров. Ауаға бөлінген қалдықтар мөлшерден төмен бе, жоғары ма, білмейміз. Ауаның сапасы нашар, бірақ оның Қашағаннан, Қаратабаннан немесе Теңізден келгені белгісіз. Жекелеген жобалардың қоршаған ортаға әсері жайлы айта алмайсың”.

Атырау университетінің экология профессоры Мансия Есенаманова әртүрлі бақылау станцияларынан дерек жинайтын Airkz қосымшасының көмегімен ауаны ластаушы ірі көздерді табуға тырысқан. Атырау — Қазақстанның мұнай астанасы аталады. Мансия ICIJ ұйымының Даниядағы серіктесі NRC-ге NCOC мониторы жоғары қалдық мөлшерін көрсеткеннен кейін қосымшада дерек шықпай қалғанын айтты.

“NCOC ауа сапасын бақылайтын мониторинг станциясынан онлайн ақпарат беруді өз бетінше өшіріп тастай алмайды”, — дейді компания. NCOC дерегінше, Airkz мемлекеттік метеорологиялық агенттікке қарайды.

Биыл маусымда NRC NCOC компаниясының Дамбадағы әкімшілік ғимаратта өткен қоғамдық талқылауына қатысты. Қабырғаға балықшылар мен шаруалардың картинасы ілінген. NCOC қызметкерлері теңіз түбін бұрғылау құрылғысын талқылап жатқанда қиын диаграммаларға толы техникалық презентация көрсетті. Бұл жергілікті тұрғындармен жұмыстың ақсап тұрғанын көрсеткен кезекті мысал болды. Осыдан халық мұнай компанияларына да, жергілікті билікке де сенбейді.

Презентация үстінде жиынға қатысушылардың бірі “Ешкім түсінбейді”деді.

БАЛАЛАР ҚАЙДА ТЫНЫСТАЙ АЛАДЫ?

Бұрынғы әлеуметтік қызметкер Вера Воскобой 2015 жылы тұрғындарды көшіру басталғаннан кейін Березовка үйлерін бульдозермен сүргеннен кейін аман қалған жалғыз құрылым — күйеуінің зиратына жиі барады. Ол ауылда өткен күндерін жылулықпен еске алады. Вера бес баласын да осында туып, алма ағашын егіп, жылқы, қой мен қазы өсірген.

Вера Воскобой

Воскобой отбасы Аралталға көшірілген. Бұл елдімекен бұрынғы ауылдан алыс емес, бірақ Вераның есінде қалған жарқын Березовкамен салыстыруға келмейді. Көшедегі қызыл кірпіштен соғылған бірдей үйлерді Березовканың бұрынғы тұрғындарына KPO компаниясы салып берген. Жолдың төменгі жағында компания тұрғызған мектеп бар. Мектептің бір бөлмесінен Березовка ауылына арналған музей ашылған. Қабырғаға ауылдан ертерек түлеп ұшқан сыныптардың ақ-қара суреті ілінген. Дәстүрлі ою-өрнекпен киізден жасалған жастықтар музейдің сәнін келтіріп тұр.

Березовка тұрғындары көшірілгеннен кейін, KPO-ның ірі еншілес компанияларының бірі Shell өз сайтына әр отбасына көшіп-қонуға жәрдемақы және мүлкі үшін өтемақы берілді деп жазды. Дәл осы хабарламада Аралталда дүкен мен аурухана мәселесі жоғы айтылады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шын мәнінде бәрі басқаша болған. “Мұндай жерге көшу өте қиын болды”, — дейді Воскобой.

Вераның жаңа үйінің төбесі профильмен жабылған. Ол тесік, қар жауғанда асүйдің төбесінен су ағады. 61 жастағы қарт әйел шатырдың тесігін жамау үшін төбеге шыққан. KPO-ға есік алдындағы баспалдақ тұрақсыз дегенде, компания оған 7 қап цемент жіберген.

Бүкіл елді жүріп өткендей жолдың жартысына тең қашықтықта KPO бірлескен кәсіпорнына кіретін Eni компаниясының кеңсесі орналасқан. Компания Астанадағы әйнек ғимараттарымен танымал ең биік мұнара кешендерінің бірінде отырады. Ritz-Carlton қонақ үйі, Dolce & Gabbana, Tiffany & Co. дүкендері де осында. 2023 жылғы дерек бойынша, компанияның 29 миллиард доллар қоры болған.

2023 жылы Қарашығанақтан 142 миллион баррель мұнай өндірілген. Бұл шикізат бүкіл әлемді жарты күн бойы электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді. Кен орнындағы өндіріс Каспий құбырындағы тұтыну мөлшерінің 15 пайызын құрайды.

Мұнайға бай өңірлерде көшелер сорғы мен мұнай тамшысының бейнесімен әрленсе, өндірістен түскен бар байлық Астанадан көрінеді. Елді отыз жылға жуық басқарған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы құрылыс нысандарына миллиардтаған доллар мемлекет қаржысын салған. Осындай жобалар қатарында жабық жағажайы бар сауда орталығы мен пирамида түріндегі рухани орталық бар. Астанада орта тап көбейіп келеді, бірақ қаланың шетінен Қазақстанның табиғи байлығына қарамастан, топырақ жол, жөндеуді қажет ететін үйлер көрінеді.

АҚШ шетелдік инвестиция Батыстың іскерлік тәжірибесіне ықпал етіп, Қазақстанның Ресейге тәуелді экономикасын көтереді деп үміттенгенімен, зерттеушілер бұл инвестициялар елді “ресурстық қарғыс” жағдайына түсірді дейді. Бұл термин табиғи ресурстары көп елдердің экономикалық өсімі төмен, ал авторитаризм деңгейі жоғары болады деген идеяға негізделген.

Қазақстандық “Эхо” құқық қорғау ұйымының бағдарламалық директоры, өндіріс саласының ашықтығы бастамасының басқарма мүшесі Мария Лобачева Қазақстанның “ресурстық қарғысы” өңірлердің біркелкі дамымауынан, мұнай-газ секторынан түскен табыстың экологиялық апат аймағында тұратын халыққа емес, Қазақстанның экономикалық және мәдени орталықтарына ғана пайда әкелуінен көрінеді дейді.

“Бұл орталықта тұратын адамдардың әлеуметтік желіде белсенді болуымен де байланысты. Олардың саяси белсенділігі жоғары, сондықтан мемлекет басшысы орталықтарға көп ақша құяды”, — дейді Лобачева. — “Ал шағын ауылдар, аудандар мен қалалардағы халықтың дауысы көп естілмейді”.

Мемлекеттік бюджет әлі де мұнайдан түскен табысқа тәуелді [RS12]. Дүниежүзілік банктің 2023 жылғы есебінде Астананың мемлекеттік бюджеті мұнайдан түсетін қаржыға тәуелді, кейінгі 20 жылда мұнайдан басқа шикізат-тауарлардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі еш өзгермеген” делінген.

KPO өндірісін кеңейтіп, Қарашығанақтан газ бөлініп жатқанын көрген Березовканың жан-жаққа шашыраған тұрғындарының бір бөлігі халыққа мұндай жағдайда өмір сүру қауіпті деп отыр. Вера Воскобой өзі көшіп барған Аралталда ауадан күкірт иісі шығады, бұрын Березовкада тұрған жастар мен қарттардың көбі қатерлі ісіктен қайтыс болады дейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Зәрлі шындық

Ақсай қаласына көшіп барған Светлана Воскобой ол жақтағы жағдай да мәз болмағанын айтады.

“Ол жақта шеттеп қалдық. Түңіліп кеттік. Балаларда өте ауыр күйзеліс болды”, — дейді Светлана. Қызы жаңа мектепке әзер үйренген, сабақта жүріп есінен танып қала берген.

Соңында Светлана үйін сатып, Қарашығанақтан бірнеше сағат алысқа, батысқа қарай көшіп кеткен. “Балалардың тынысы ашып қалды. Бұл жақта әлдеқайда жақсы өмір сүріп жатыр” дейді ол.

Материалды дайындауға қатысқандар: Қобылан Алдыбеков, Мария Мельникова, Рид Стэндиш, Мұхтар Сеңгірбай (Азаттық), Карола Хаутекамер, Карлин Кейперс (NRC), Дениз Аджири, Агустин Армендарис, Наубет Бисенов, Кэтлин Кэхилл, Cидни П. Фриберг, Уитни Джойнер, Таня Козырева, Марсия Майерс, Дельфина Рейтер, Матей Роска, Дэвид Роуэлл, Томас Роули, Ив Сэмпсон, Энджи Ву ( ICIJ).