Грузияда полиция ЕО-мен келіссөзді тоқтатуға қарсы акцияны тарату үшін су шашты

Тбилисидегі наразылық. 30 қараша 2024 жыл.

Тбилисиде Еуроодақпен келіссөзді тоқтату туралы билік шешіміне қарсы наразылық акциясына мыңдаған адам шықты деп жазды Азаттықтың Грузин қызметі.

Полиция демонстранттарды тарату үшін алдыңғы күндегідей су шашты. Ол кезде 40-тан астам адам ұсталған, арасында журналистер де бар, кейбірі соққыға жығылған.

29 қарашада наразылар Руставели даңғылын жапты. Оқиға орнына полиция келді. Грузия ішкі істер министрлігі оппозиция жақтастары стратегиялық нысандардың жұмысын тоқтатуды талқылады деп айыптады.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 22-ден кейін полиция жиналғандарға су шашып, таратпақ болды. Наразылар оларға петарда (отшашу үшін қолданылатын оқ-дәрі заряды бар қағаз снаряд) лақтырды.

Жарым түнде наразыларды полиция Руставели даңғылынан тықсырды. Ұстаулар болғаны хабарланды.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили полиция қызметкерлерін наразылық акциясы кезінде күш қолданбауға шақырды.

"Жас азаматтарымызға және өзге адамдарға қол көтермеңіздер! Аулақ жүріңдер, өз міндеттеріңді атқарыңдар. Сендердің қатысуларыңды қажетсінетіндей Руствавелиде де, басқа қалаларда да ештеңе болып жатқан жоқ" деді ол.

Зурабишвили наразылықтың бейбіт екенін атап өтіп, "орыстанып кеткен Грузияға, конституциясын тартып алған Грузияға, заңсыз үкімет пен парламенттің қолындағы Грузияға ешкім шыдауға дайын емес екені байқалып тұр" деді.

Грузия сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері жұма күні мәлімдеме таратып, биліктің Еуроодақпен келіссөзден бас тарту туралы шешіміне қарсылық білдірген. Дипломаттардың пікірінше, премьер-министр Ираклий Кобахидзенің Еуроодаққа қосылу бойынша келіссөзді 2028 жылға дейін шегеру туралы шешімі Грузияның стратегиялық мүддесіне сәйкес келмейді. Олар мұндай қадам елді оқшаулап, Еуроодаққа қосылу үшін жасалатын түрлі игіліктерден айырады, ұлттық қауіпсіздікті әлсіретеді деп санайды.

Еуроодақпен келіссөзден бас тарту Грузия Конституциясының 73-бабына қайшы, онда Еуроодаққа жақындау туралы норма бекітілген дейді дипломаттар.

Грузияның Болгариядағы елшісі Отар Бердзенишвили қарсылық ретінде отставкаға кетті.

Грузия қорғаныс министрлігінің қызметкерлері де мәлімдеме жасап, Еуроодақ және еуроатлантикалық құрылымдармен әріптестіктің маңызын атап өткен. Сонымен бірге Батыстағы әріптестердің елдің қорғаныс саласын дамытуға қосқан үлесін мойындаған. Құжат авторлары Конституцияда бекітілген міндеттемелеріне адал болып қалатынын айтты.

Ведомство қызметкерлерінің мәлімдемесі Еуроодақпен келіссөзді тоқтатуға, сонымен бірге парламент сайлауының нәтижесіне жаппай қарсылық туындаған шақта жасалып отыр. Оппозиция сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайды.

Елдегі бірқатар жеке жоғары оқу орындары наразылыққа қосылып, жұмысты тоқтатты.

  • 28 қарашада Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Грузия Еуроодаққа қосылу бойынша келіссөзден кемінде 2028 жылға дейін бас тартады және ЕО-ның бюджет гранттарын алмайды деп мәлімдеген.
  • Биліктің шешімінен кейін Тбилисиде жаппай наразылық тұтанды. Парламент алдына жиналған демонстранттар баррикада құрып, полициямен жанжал да болған. Жиналғандарды тарату үшін полиция жұртқа су және жас ағызатын газ шашты. Полиция мәліметінше, 43 адам ұсталып, 32 полицей жараланған.