Тбилисиде Еуроодаққа қосылуды тоқтату туралы шешімге наразылық акциясы кезінде полиция демонстранттарға арнайы құрал қолданды. Азаттықтың Грузин қызметінің хабарлауынша, полиция халыққа бұрыш спрейін шашқан.
Спрей саясаткер Леван Гогичаишвили мен "Пирвели" телеарнасының операторының бетіне де тиген. Полицейлер демонстранттар шоғырына түтін құтыларды тастаған. Күштік құрылым өкілдері мен наразылар біраз жанжалдасып қалды. Полицияның хабарлауынша, бір қызметкер ауруханаға жатқызылған.
Жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат бірде парламент ғимаратындағы жағдай ушыға түскен. Оқиға орнында су шашу құралдары әзірленіп қойылған. Бірнеше адам ұсталған.
Наразылық акциясына президент Саломе Зурабишвили қатысты. Paper Kartuli жазуынша, ол арнайы жасақ өкілдеріне қайырылып "сіздер Ресейге қызмет етесіздер ме әлде Грузияға ма? Кімге ант бердің? Қалай жауап беретінің қызық болып тұр. Президентке жауап бермей тұрсыз? Болашақ туралы ойламайсың ба? Елдің қамы, балалардың жайы" деп сұрады.
Тбилисидегі наразылық акциясына түрлі дерек бойынша, 10-20 мың аралығында адам қатысқан болуы мүмкін. Елдің өзге ірі қалаларында да митингілер өтті. Демонстранттар Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді тоқтатқан биліктің шешіміне қарсы.
Бұған дейін Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Грузия Еуроодаққа қосылу бойынша келіссөзден кемінде 2028 жылға дейін бас тартады және ЕО-ның бюджет гранттарын алмайды деп мәлімдеген.
Ал ел президенті Саломе Зурабишвили бүгінгі күн "конституциялық төңкерістің аяқталуы мен Еуропадан Ресейге қарай жылжумен" есте қалды деп мәлімдеді.
"Үкімет өз халқына соғыс ашты. Осындай сынақ алдында біз біргеміз немесе бізді мүлде жояды" деді Еуроодаққа қосылуды қолдайтын жақтастары алдында сөйлеген Зурабишвили.
Еуроодаққа қосылу бойынша келіссөзді тоқтату туралы шешімнің алдында Еуропарламент бейсенбі күні Грузиядағы парламент сайлауының нәтижесін мойындамайтын резолюцияны бекіткен. Құжатта парламент сайлауының халықаралық стандарт пен Тбилисидің әділ сайлау өткізу бойынша алған міндеттемелеріне сәйкес еместігі жазылған.
Қазан айында Еуропа кеңесі Грузияның одаққа қосылу процесі басқарушы "Грузин арманы" партиясының әрекетіне байланысты іс жүзінде тоқтатылғанын мәлімдеген. Оппозиция "Грузин арманын" ресейшіл көзқарас ұстанады деп санайды. "Грузин арманы" партиясы елде "шетел агенті" және "ЛГБТ насихатына тыйым салу" туралы заң жобаларынан кейін қатаң сыналды.