Тасмағамбетов Ресей гипердыбыстық зымыран қолдануға "мәжбүр" болғанын айтты

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Иманғали Тасмағамбетов Ресей "жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болды" деп мәлімдеген. Сәрсенбі күні ресейлік ТАСС агенттігі жариялаған сұхбатында Тасмағамбетов ҰҚШҰ "Орешник" зымыранын қолдануды зерттеп жатқанын айтты.

"ҰҚШҰ-да қазіргі заманғы барлық қару-жарақты қолдану, сынақтан өткізу тәжірибесі мен дамыту болашағы зерттеледі. Бұл жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Бұған қоса Ресей жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болған халықаралық жағдайды да бірге талқылаймыз. Және бұл жағдайдың даму болашағын да", – деп жауап қатқан Тасмағамбетов ТАСС агенттігінің "Орешник" зымыранын қолдану жөнінде қойған сұрағына.

Тасмағамбетовтың сұхбаты Астанада ҰҚШҰ саммиті басталар қарсаңда жарияланды. ТАСС агенттігі ҰҚШҰ бас хатшысынан ұйым саммитінде америкалық ATACMS зымыранымен Ресей аумағындағы нысаналарға шабуыл жасау талқылана ма және бұл шабуылдар ҰҚШҰ бойынша одақтас елдердің Ресейге қолдау көрсетуіне негіз бола ала ма деп сұраған.

"Отырыстың күн тәртібінде сіз айтқан тұжырымдағыдай жеке мәселе жоқ. ҰҚШҰ жауапкершілігінің өрісі аясындағы ахуалды талқылау жоспарланған және де ол ұйым жауапкершілігінің үш аймағын: шығысеуропалық, кавказдық және орталықазиялық аймақтарды түгел қамтиды. Мемлекет басшылары қазіргідей жағдайда ҰҚШҰ елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты барлық мәселелерді талқылайтыны сөзсіз", – деді ҰҚШҰ бас хатшысы.

Осыған дейін кейбір ақпарат құралдары Ресей ҰҚШҰ бойынша одақтастарынан әскери көмек сұрауы мүмкін деген болжам жасаған еді. Иманғали Тасмағамбетов ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Ресейдің ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрамағанын айтқан.

"Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында көмек, оның ішінде әскери көмек те бар, қатысушы-мемлекеттің өтінішімен беріледі. Мұндай норма іс жүзінде орындалғанын өздеріңіз білесіздер. Қазіргі кезде Ресейден мұндай өтініш түскен жоқ", – деген Тасмағамбетов.

ҰҚШҰ саммитіне қатысушылар. Астана, 28 қараша, 2024 жыл.

Астанада 28 қарашада басталған саммите Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің басшылары халықаралық және аймақтағы ахуалды жабық есік жағдайында талқылап жатыр.

Жиынды ашқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі отырыста: "халықаралық және аймақтағы ахуалға қатысты пікір алмасамыз, оның ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігіне әсерін бағалаймыз", – деді. Бірақ нақты қандай мәселелер талқыланатынын ашып айтпады.

Тоқаев сөзінде ҰҚШҰ-ны "бұл жай ғана әскери әріптестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен территориясының тұтастығын қорғайтын күш пен ресурсты біріктіретін теңдессіз механизм" деп атады. Ол ақпарат құралдарына алғыс білдіріп, әрі қарай мәселе "шағын құрамда жалғасатынын" хабарлады.

ҰҚШҰ жиыны Ресейдің Украинаға қарсы соғысы шиеленісіп тұрған шақта өтіп жатыр. Украина аумағына тұрақты түрде бомба тастап, зымыран және дрондармен атқылайтын Ресей 21 қараша күні алғаш рет орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық зымыранмен шабуыл жасады. Путин мұны Украинаға АҚШ және британдық зымырандармен Ресей жерін атқылауға берген рұқсатқа қарымта соққы деп атады. Мәскеудің мәлімдеуінше, Украинада сыналған гипердыбыстық "Орешник" зымыраны ядролық бомба тасымалдай алады.

Батыс сарапшылары Мәскеудің Днепр қаласына жасаған бұл шабуылын Киев пен оған қару жеткізуші АҚШ және Еуропа елдерін қорқытып-үркіту әрекеті деп бағалады.

Астадағы жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей басшысы Владимир Путин, Беларусь жетекшісі Александр Лукашенко, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Тәжікстан жетекшісі Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысып отыр.

Армения ҰҚШҰ жиынына бұл жолы да келмеді. Осыған дейін Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян өз елі ҰҚШҰ құрамынан шығатынын айтқан. Былтыр Ереван Таулы Қарабақтағы сепаратистік аумақта орналасқан Ресей күштерін 2023 жылы қыркүйекте әзербайжан әскерінің шабуылына тойтарыс беруге тиісті дәрежеде күш салмады деп айыптап, ізінше ҰҚШҰ-мен қарым-қатынаста Ереван "қайта оралуға болмайтын бетбұрыс кезеңге" жақындағанын мәлімдеген. Бірақ Ереван ресми түрде ұйымнан әлі шыққан жоқ.

ҰҚШҰ саммиті басталардан бір күн бұрын Астанаға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған ортақ мәлімдемеде тараптар бір-бірін қолдайтындығы, "ішкі саяси тұрақтылыққа нұқсан келтіру, егемендік пен аумақтық тұтастықты бұзу әрекеттеріне бірігіп қарсы тұратындығы" жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жоғары мәртебелі Владимир Путин мырза". Астанада Ресей президентін қалай қарсы алды?