1. АҚШ-та сайлау күні тұрақты, жұрт алдын ала біледі
АҚШ азаматтары әр төрт жыл сайын ел президентін сайлайды. Америкалықтар биыл 47-президентін сайлады. 248 жылдық тарихында бір де бір сайлау белгіленген уақытынан ерте не кейін өтіп көрмеген. Тіпті азамат соғысы, испан тұмауы, ұлы депрессия кезінде де сайлау күні өзгермеген.
Рас, заң жүзінде АҚШ Конгресі сайлау күнін кешіктіре алады. Бірақ кешіктірілген жағдайда сайлау қызметте отырған президенттің мерзімі аяқталғанға дейін өтуге тиіс. Яғни сайлау күні қараша айының бірінші сейсенбісі мен келесі жылғы 20 қаңтарға дейінгі аралыққа қойылуы керек.
Бұл АҚШ Конституциясының 22-түзетуінде жазылған. Сайлауды одан кейінге қалдыруға болмайды. Мұндай құзырет АҚШ-тың ешбір билік тармағында жоқ.
Десе де, сайлауды кейінге қалдыру мәселесі АҚШ-та оқтын-оқтын қозғалып тұрады. Мысалы, 2020 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп коронавирус індетін алға тартып, сайлауды кейінірек өткізейік деді. Ол індетке байланысты қарастырылған поштамен дауыс беру бұрмалауға жол ашады деп мәлімдеген.
Трамп оңшыл FoxNews арнасына берген сұхбатында "меніңше, пошта арқылы дауыс беру бұрмалауға жол ашады. Шынымен солай ойлаймын", – деген. Бірақ Конгресс бұған келіспеді.
Қазақстан тарихында өз уақытында өткен сайлаудан оның кезектен тыс немесе мерзімінен бұрын өткені көп. Қазақстан заңында кезектен тыс сайлауды президент бекіте алады және бекіткен күннен соң екі ай ішінде өткізіледі деп жазылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы құзыретін пайдаланып, 2024 жылы өтуге тиіс президент сайлауын 2022 жылы өткізді. Ал 2025 жылы өтеді деп жоспарланған парламент сайлауын былтыр наурызда ұйымдастырды.
Президент Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауын жариялағанда "мен биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынамын" деп мәлімдеген.
Қазір енді "Сайлау туралы" заңға сәйкес, Қазақстанда президент сайлауы әр жеті жыл сайын, желтоқсанның бірінші жексенбісінде өтуге тиіс.
Әдетте президент сайлауында кандидатқа қыруар қаражат, білікті мамандар тобы, ықпалды институттар мен ұйымдардың қолдауы қажет. Сайлау қай күні өтетіні неғұрлым ерте белгілі болса, кандидаттардың дайындығы соғұрлым жоғары болады. Ал егер сайлау кенет мерзімінен бұрын өтетін болса, билік қолдамаған кандидат қол жинау сияқты талаптың өзін орындай алмауы мүмкін.
2. Сайлау науқаны бір жылдан астам жүреді
Дональд Трамп 2016 жылы өтетін президент сайлауына түсетінін ресми түрде 2015 жылғы 17 шілдеде мәлімдеді. Оның сол кезде Нью-Йорктегі Trump ғимаратында эскалатордан түсіп келе жатқан видеосы әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыға түсті. Ол биылғы сайлауға қатысатынын екі жыл бұрын жариялады.
АҚШ-та президент сайлауына ешбір ұйымға байланбаған тәуелсіз кандидаттар да түсе алады. Бірақ әдетте негізгі тартыс елдегі ең ірі екі партияның үміткерлері арасында өтеді. Сайлауалды науқанның негізгі бөлігі кокус және праймериз дейтін партиялардың ішкі іріктеуінен басталады. Жазға қарай екі партия да президент лауазымына негізгі кандидатын бекітіп, үгіт-насихат ең қызу фазасына ұласады.
Қазақстанның "Сайлау туралы" заңына сәйкес, үгіт-насихат науқаны үміткерлерді тіркеу процесі аяқталғаннан кейін басталады. Бұл әдетте сайлауға бір ай қалғанда жүзеге асады. Мәселен, 2022 жылғы 21 қыркүйекте Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынып, сайлау күнін 20 қарашаға бекіткен.
Үміткерлерді тіркеуге бір ай уақыт берілді. Сайлау науқаны ұзақ болғаннан кім ұтады?
Сайлауалды үгіт-насихат – өте қымбат науқан. Ол неғұрлым ұзақ болса, кандидат соғұрлым көп қаражат жұмсайды. Бірақ бұл дауыс берушілерге мейлінше зерделенген шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Үміткер сайлауға түсетінін мәлімдегеннен бастап, оның өткені мен бүгіні алдағы сынға түседі. Соның әсерінен кейбірі саяси жарыстан шығып та қалады.
3. Сайлау науқанына жұмсалатын қаражаттың ашықтығы
АҚШ-тағы сайлау науқанында миллиардтаған доллар жұмсалады. Мысалы, биылғы сайлауға ірі компаниялар мен жеке тұлғалар қалтасынан 15 миллиард доллар жиналған. Қаржы есебіне келсек, әрбір үміткер кімнен қанша қаражат түскені жөнінде Федералды сайлау комиссиясына есеп береді.
АҚШ-та президенттікке кандидатқа кім, қанша қаражат бергенін кез келген адам көре алады. Мысалы, Федералды сайлау комиссиясының сайтына кіріп, Вашингтон штатында тұратын Дженнифер Звикер есімді америкалықтың 16 қазан күні Камала Харриске қолдау ретінде 100 доллар жібергені кандидаттың декларациясында ашық көрсетілген.
Cаяси науқаннан кейін қалып қойған қаражатты үміткерлер жеке мақсатына пайдалана алмайды. Оны қайырымдылыққа не өзге үміткерді қолдауға аудара алады. Немесе болашақтағы науқанға сақтап қоюына болады.
Қазақстанда сайлау республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бюджеттен Орталық сайлау комиссиясының жұмысына ғана емес, үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жүргізуіне де қаржы бөлінеді. Мәселен, 2022 жылы өткен президент, 2023 жылғы парламент сайлауына республикалық бюджеттен 45 миллиард теңге жұмсалды.
Орталық сайлау комиссиясының өкілі бұл қаражаттың 80 пайызға жуығы өңірлердегі сайлау учаскелерінің қызметкерлеріне жұмсалатынын мәлімдеген. Бірақ бюджеттен үміткерлерге нақты қанша қаражат бөлінгені туралы мәлімет ашық дереккөздерде жоқ.
Орталық сайлау комиссиясы 2022 жылғы президент сайлауына түскен үміткерлердің қоғамдық қорлар мен жеке сектордан жинаған қаражаты туралы деректі ресми сайтына жариялаған. Мұнда қаражат көзі екі категорияға біріктірілген: қоғамдық бірлестік және жеке сектор. Бірақ қаржылай қолдау білдірген ұйымдар мен жеке тұлғалардың аты-жөнін, үміткерлерге қашан және қанша ақша жолдағанын білу мүмкін емес.
Заңда жеке сектордан бөлінетін қаржы лимиті бар. Ол 12 000 ең төменгі жалақыдан аспауы керек. 2022 жылы елдегі ең төмен жалақы 60 000 теңге болғанын ескерсек, үміткердің сайлау қоры 720 миллион теңгеден аспауға тиіс. Сол жылы кезектен тыс президент сайлауына кандидат болып түскен Қасым-Жомарт Тоқаев жеке сектордан тұп-тура 720 миллион теңге қаражат жинаған екен. Одан кейінгі орында Жигули Дайрабаев тұр.
Науқаннан кейін қалған қаржының үштен екі бөлігі бюджетке қайтарылады. Қалғаны үміткердің не саяси партияның еншісінде қалады.
4. Сайлауды бақылау және учаскелердегі дауыс санау ашықтығы
АҚШ-та бақылаушыларға аккредитация беру тәртібі жеңілдетілген. Штаттардың басым бөлігінде халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз бақылаушыларға арнайы аккредитация құжатын алуды ешкім міндеттемейді. Дегенмен, саяси партия атынан баратын бақылаушыны тіркеу процедурасы бөлек жүреді.
Сосын әр штатта бақылаушы бұзбауға тиіс сайлау күнгі ережелер әртүрлі. Мәселен, Миссури мен Арканзаста дауыс беру учаскелеріне саяси партия бақылаушылары еркін кіре алады. Аризонада бюллетень санау процесін де кез келген азамат кіріп, бақылай алады. Ал Флорида штатында бақылаушы пайдаланылған бюллетень санын анықтауға қатысып, қаншасы қолданылмағанын не жарамай қалғанын тексере алады. Әйткенмен бақылаушылар сайлау процесіне араласып, дауыс берушіге сұрақ қоймауы керек.
Егер ол заң бұзу элементін байқаса, дереу учаске жетекшісіне не Федералды сайлау комиссиясына шағым түсіре алады.
2020 жылы президент сайлауы кезінде Джорджия штатында республикалық партия бақылаушылары "заң бұзылды" деп мәлімдеді. Содан кейін тараған видеоға сілтеп, Трамп адвокаттары штат сайлау әкімшілігін сотқа берді. Бірақ сотта сайлау күні үстел астында жатқан бюллетеньдер заңды екені айқындалып, Трамптың арызы қанағаттандырылмады.
Осыдан кейін елдің 17 штатында бақылаушылар жұмысын реттейтін заңға өзгертулер енгізілді. Мысалы, Колорадо штатындағы сайлау учаскелерінде бақылаушылар ендігәрі фото не видео түсіре алмайды. Ал Солтүстік Дакотада бақылаушылар сайлау барысына тек бір орыннан мониторинг жүргізеді. Заң шығарушылар сайлау процесіне кедергі келтіру әрекеттері көбейгендіктен өзгертулер енгізілгенін айтқан.
"Сайлау туралы" заңға сәйкес, Қазақстанда сайлау процесін саяси партия өкілдерінен бөлек, қоғамдық бірлестіктер не коммерциялық емес ұйымдар бақылай алады. Аккредиттелген бақылаушы дауыс беру процесіне кедергі келтірмей, фотоға және видеоға түсіруге құқылы. Сонымен қатар, бюллетендерді тасымалдау және дауыс санау процесін де сырттан бақылай алады. Дегенмен кейінгі өткен президент және парламент сайлауында өз міндетін атқарғанына бола учаскеден еркінен тыс шығарылғанын мәлімдеген бақылаушылар болды.
Cарапшылар бақылаушыларды аккредиттеуде де мәселе бар дейді. Мысалы, Орталық сайлау комиссиясы сайлауды бақылауға аккредиттеу туралы өтінішті 1 ай қарайды. Өтініш қанағаттандырылмаса, апелляциялық шағымды тағы 20 күн қарайды.
Мысалы, биыл АЭС құрылысы туралы референдум 6 қазанда өтетіні 2 қыркүйекте белгілі болды. Мәселен, сол себепті "Эхо" қоғамдық қоры мұндай қысқа мерзімде өңірлерде бақылаушыларды дайындап үлгеру мүмкін емес деп, науқанды бақылаудан бас тартқан.
57 елдегі сайлау процесстерін бақылайтын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанда өткен президент және парламент сайлауын бақылаған.
Институт Қазақстан үкіметіне саяси плюрализмді дамытуды, яғни жаңа партиялардың тіркелуін жеңілдетуді, сайлау комиссиялары мүшелерінің мемлекеттік институттардан тәуелсіз болуын қамтамасыз етуді және саяси сипаттағы бейбіт жиналыстар еш кедергісіз өтуіне жәрдемдесуді ұсынған.
5. Бірнеше лауазымды қатар сайлау
АҚШ-та федералды және штат деңгейінде 520 мың сайланбалы лауазым бар. Америкалықтар президенттен бастап Конгресс мүшелерін, штат губернаторларын, қала әкімдері мен шерифтерін, сондай-ақ, қала және округ клерктері мен қазынашысын сайлайды. Мұның бәрінің сайлауын жеке дара өткізу керек болса, әрине бюджеттен қыруар қаражат жұмсалары анық. Сондықтан оларды топтастырып, бір мезгілде өткізеді.
Мысалы, америкалықтар биыл 5 қараша күні тек президентті емес, Конгресс мүшелері мен штат губернаторларын сайлады. Кей штаттарда қала не округ қызметкерлері де дауысқа түсті. Одан бөлек, кей штаттарда бюллетеньге шешілмеген мәселе бойынша референдум сұрағы да қосылды.
Атап айтқанда, Мэн штатында сайлау кезінде бес сұрақ бойынша референдум өтсе, Висконсиннің Милуоки қаласы тұрғындары орта білім беру әкімшілігі көтерген қаржыландыру мәселесін дауысқа салды.
Айта кетсек, Қазақстанда 2022 жылы кезектен тыс президент, ал 2023 жылы парламент сайлауы өтті. Бюджеттен оған 45 миллиард теңге жұмсалды. Ал биылғы АЭС құрылысы бойынша өткен референдумға 15,5 миллиард теңге бөлінген. Әрқайсысы әртүрлі уақытта өтті және бөлек қаржы бөлінді.