Ресей қорғаныс министрі Солтүстік Кореяға барды

Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов

Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов Солтүстік Кореяға ресми сапармен барды. Оның сапары алдын ала хабарланған жоқ. Сапар барысында екі елдің әскери және әскери-саяси жетекшілерінің кездесулері жоспарланған деп хабарлады Ресей қорғаныс министрлігі.

Пхеньян маңындағы Сунан әуежайында Ресей қорғаныс министрін солтүстіккореялық әріптесі, генерал Но Гван Чхоль қарсы алған.

Сапар туралы басқа ештеңе айтылмады.

Андрей Белоусов соңғы рет Солтүстік Кореяға биыл маусымда ресейлік делегациямен бірге барған. Ол кезде Ресей басшысы Владимир Путин мен Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ын жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Онда екі жақтың біріне қарулы шабуыл жасалған жағдайда жедел әскери көмек көрсету туралы бап та бар. Қараша айында құжатты екі жақ ратификациялады. Құжат күші мерзім жағынан шектелмеген.

Қазан айының соңында Украина, Батыс елдері және Оңтүстік Кореяның барлау қызметтері солтүстіккореялық сарбаздардың Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресейге жіберілгенін хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, Ресейге десант-штурм бөлімінің шамамен 12 мың сарбазы жіберілген. Олардың бір бөлігі Курск облысында украин әскеріне қарсы шайқасқа қатысып та үлгерген.

Мәскеу солтүстіккореялық әскердің Ресей аумағына келгенін растаған жоқ, терістеген де жоқ.

Дереккөздерге сүйенген көп басылым Ресей аумағына солтүстіккореялық әскердің келуі Украинаға Батыс қаруымен соққы жасауға рұқсат берілуіне түрткі болғанын жазды.