Accessibility links

Ұлттық банк валюта интервенциясын жүргізетінін мәлімдеді


Қазақстан қор биржасында таңертеңгі сауда басталғанға дейін Астанадағы ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы. 28 қараша, 2024 жыл.
Қазақстан қор биржасында таңертеңгі сауда басталғанға дейін Астанадағы ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы. 28 қараша, 2024 жыл.

Қазақстан ұлттық банкі теңгені құлдыратпай ұстап тұру үшін валюта интервенциясын жүргізетінін мәлімдеді. Бейсенбі күні банк хабарлама жариялаған күні Қазақстанның қор биржасында доллар 513 теңгеден сатылды.

"Тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау, теңгенің айырбас бағамының артық құбылмалылығын тегістеу үшін және шетел валютасын ұсынуды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізеді" деп жазылған Ұлттық банктің хабарламасында.

Kurs.kz сайтының мәліметінше, 29 қарашада таңертең Алматы мен Астанадағы ақша айырбастау орындарында 1 доллар орташа есеппен 513-517 теңгеден сатылып жатты. Астанада 520 теңгеден де сатып жатқан орындар да бар.

Ұлттық банк 28 қараша күнгі хабарламасында 27 қарашадан бері теңге 2,4%-ға әлсіреп, бір доллардың құны 512-ден асқаны жазылған. Ұлттық банк бұған ішкі және сыртқы факторлар әсер етіп жатқанын айтқан.

"АҚШ долларының жаһандық нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы іргелі факторлардың өзгеруі аясында дамушы нарықтардағы валюталардың теріс динамикасы барлық жерде байқалады. Негізгі әлемдік валюталарға қатысты АҚШ долларының бағамын бақылайтын DXY индексі ай басынан шамамен 2,2%-ға нығайып, 106,2 пунктке дейін өсті (2024 жылдың 28 қарашасында). ЕМ валюталарының индексі ай басынан 3,0%-ға төмендеді (2024 жылғы 28 қараша бойынша)" деп жазылған хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, ұлттық валютаға мұнай бағасының қатты құбылуы, сонымен бірге Дональд Трамптың президенттігі кезінде баж салымдары мен АҚШ-тың мұнай тасымалдауды арттырып, халықаралық нарықта шикізат құнын арзандатып жіберуі мүмкін деген экономистердің пессимистік болжамдары да теріс ықпал етіп отыр.

"Ресейдің қаржы секторына қарсы жаңа санкциялар елдің негізгі сауда серіктестерінің бірінің валютасы – Ресей рублі әлсірей түсті. Осылайша, биржада юань/рубль жұбының бағамы юань үшін 15,1 рубльге жетіп, қараша айының басынан бастап 11,2%-ға әлсіреді. Forex халықаралықвалюта нарығындағы доллардың айырбас бағамы 1 доллар үшін 114,5 рубльден асты, ал рубль айдың басынан бастап 18%-ға әлсіреді" деді ұлттық банк.

Қазан айында теңге бағамы ақырындап түсе бастаған. Сол кезде Ұлттық банк теңгенің құнсыздануына ішінара мұнай бағасының төмендегені әсер етті деп мәлімдеді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жыл аяғына қарай сатып алу, тендер, аукциондар өтеді, түрлі инвестиция және инфрақұрылым жобаларына бөлінген қаржы игеріле бастайды, мұндай жобалар импортқа қатты тәуелді болғандықтан, валютаға сұраныс артып келеді деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG