Accessibility links

Эбола індеті Африканың батысына тарады


Жергілікті дәрігерлерге Эбола вирусына қарсы сақтық шараларын үйретіп жатқан дәрігер. Либерия.
Жергілікті дәрігерлерге Эбола вирусына қарсы сақтық шараларын үйретіп жатқан дәрігер. Либерия.

Эбола індеті Африканың батысында өршіп тұр. Бірақ вирусты зерттейтін мамандар оның «бүкіл әлемге жайылуы екіталай» дейді.

Эбола вирусын жұқтырған адамдардың 90 пайызы қайтыс болады. Бірақ мамандар «вирус доңыз тұмауындай (H1N1) әлемге тарамайды» дейді.

Африка құрлығының батысында орналасқан елдерде бұл кеселден 729 адам қаза тапты. Індет ақпан айында шықты.

«ӘЛЕМГЕ ТАРАЙ ҚОЙМАЙДЫ»

Либериядан Нигерияға Того арқылы ұшқан ер адам осы вирустан шілденің 25-і күні қаза тапты. Мұнан соң Эбола індеті әлемге тарауы мүмкін деген қауіп күшейді. Оның үстіне індет тараған аймақтағы жолаушыларды тексеру қиын екені де білінді. 2009 жылы доңыз тұмауын Азия құрлығына ұшақ жолаушылары таратқан еді.

Дегенмен сарапшылар «Эболаның доңыз тұмауы сияқты жылдам тарауы екіталай» дейді. Себебі, ол оңай жұқпайды. Англиядағы Ливерпуль тропикалық медицина мектебінің доценті Ник Бичинг «Эбола және осы тәрізді індеттер сырқат адамның денесінен шыққан сұйықтық арқылы жұғады, ал доңыз тұмауы ауамен тарайтын еді» дейді.

Бұл жағынан алғанда Эбола індетін ВИЧ/СПИД вирусымен салыстыруға болады. Ол да адам денесіндегі сұйықтық арқылы жұғады. Бірақ бір айырмасы – Эбола вирусының эпидемиялық қаупі азырақ.

Эбола вирусы.
Эбола вирусы.

Англиядағы Рединг университетінің вирустарды зерттейтін маманы Бен Ньюман «ВИЧ індетін қазір жер шарының миллиондаған тұрғыны жұқтырды, ал Эбола вирусы 5 мыңға жуық адамға тарады. Ең қатты өршіген кезінде де осы мөлшерден асқан жоқ» дейді.

Ньюман «Эбола індеті жылдам тарамайды. Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінен тыс жерлерге жайылмайды» дейді.

Ньюманның айтуынша, Эболаның жылдам тарамауына жұқтырған адамның тезінен қайтыс болатыны да әсер етеді. Орта есеппен алғанда, сырқатқа шалдыққан адамдардың 60 пайызы дүние салады. Инкубациялық кезеңі 2-21 күнге созылады.

«Эболаны жұқтырған адам не бірден дүние салады; не оны жеңіп, аман қалады. Қалай болғанда да вирус көп адамға тарай алмайды» дейді Ньюман.

Эпидемиологтар Эбола вирусы Африканың тропикалық орманын мекендейтін хайуандардан тараған, соның ішінде жеміс-жидекпен қоректенетін жарғанаттар таратты деп санайды. Ол адамға өлген хайуанның мүрдесі арқылы немесе оны жегенде жұғуы мүмкін.

ІНДЕТ СЕБЕПТЕРІ

1976 жылы Заирда (қазір Конго демократиялық республикасы) анықталған вирус әдетте денсаулық сақтау және жеке гигиена талаптары сақталмайтын ауылдардан шығады. Бұл вирус Конго мен көршілес Уганда және Оңтүстік Судан мемлекеттерінде байқалып келген еді. Бірақ Батыс Африкаға бұлай тараған емес.

Сарапшылар «індет шалғай ауылдарға тарағанымен, дәрігерлер жақсы қызмет ететін аймақтарға жетпейді» дейді. Бичинг «Гвинея мен Либерия және Сьерра-Леоне сияқты елдерде сырқаттарға жедел түрде медициналық көмек көрсетілмейді, жергілікті тұрғындар арасында үрей басым» дейді.

Эбола вирусының Африкада 1979-2008 жылдары таралған аймағының картасы.
Эбола вирусының Африкада 1979-2008 жылдары таралған аймағының картасы.

Жергілікті жұрттың денсаулық сақтау саласы мамандарына сенбеуі де індеттің таралуына ықпал етіп отыр. Африканың батысындағы кей аймақтарда ауыл тұрғындары медицина қызметкерлеріне қаралмайды. Себебі олар індетті дәрігерлердің өздері таратып отыр деп ойлайды.

2000 жылы Угандада осы індеттен 435 адам опат болса, бұл жолы Африканың батыс аймағындағы елдерде қаза тапқан адамдардың саны одан асып кетті. Оның үстіне, індет ауылдық жерлерден ірі қалаларға алғаш рет тарап отыр.

Шілденің 30-ы күні Сьерра-Леоне төтенше жағдай енгізіп, індет ошағына айналған өңірлерінде карантин жариялайтынын мәлімдеді.

Эболаға қарсы екпе не дәрі жоқ. Вирусты жұқтырған адам безгек шалғандай қалтырайды, тамағы мен басы ауырады, жұрт оны тұмаумен шатастырады. Дерт меңдеген сайын науқас құсып, іші өтеді, бауыр қызметі бұзылып, ішіне қан кетеді. Аман қалу үшін суды мол ішу керек, көбіне сырқаттың ағзасы кеуіп, ақыры дүние салады.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG