Accessibility links

Спортшылардың алды Лондонға келе бастады


Лондонның Хитроу әуежайының алдына ілінген олимпиада ойындарының белгісі. Көрнекі сурет.
Лондонның Хитроу әуежайының алдына ілінген олимпиада ойындарының белгісі. Көрнекі сурет.
Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың алды Лондонға келе бастады.

Лондоннның Хитроу халықаралық әуежайы қауіпсіздік қызметінің басшылары бүгін әуежайда ұшып келетін 237 мыңға жуық адамның тексеруден өтетінін айтады. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 45 мың адамға көп.

27 шілдеде басталып, 12 тамызда аяқталатын ойындарға әлемнің 200-ге тарта мемлекетінен 16000 спортшы мен жаттықтырушылар, төрешілер және басқа да спорт мамандары келмек.

Лондон әуежайының менеджері Том Уиллистің айтуынша, осынша елден келетін қонақтарға қызмет көрсету үшін әуежай қызметкерлері мен еріктілер 20 тілде сөйлейді.

- Біз жергілікті тұрғындардан мыңдаған еріктілерді іріктеп, келетін қонақтарды қалай қарсы алу керегін үйреттік,- дейді ол.

Лондонға алғаш болып келген спортшылар арасында АҚШ-тың байдарка командасының спортшылары бар. Олар ескекшілер жарысы өтетін теңіз жағалауындағы Уэймут қаласына жол тартты. АҚШ байдарка құрамасының капитаны Стив Бреннанның айтуынша, Лондонда оларды жақсы күтіп алған.

Ұлыбритания билігі қазір ойындар кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде туындауы мүмкін қолайсыздықтарды болдырмауға барын салып жатыр.

Себебі бұған дейін қауіпсіздікті сақтауға 440 миллион АҚШ долларына тең келісім-шартқа отырған G4S компаниясы қызметкерлері жетпейтінін мәлімдеген еді.

Ұлыбритания үкіметі осының орнын толтыру үшін қосымша 3500 солдат бөлетін болды.

Дүйсенбіде журналистерге сұхбат берген халықаралық олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге Ұлыбритания үкіметінің бұл қадамын құптайтынын айтты. Жак Рогге бұған қоса дүйсенбіде Триполиде Ливия ұлттық олимпиада комитеті президентінің ұрланғаны туралы хабарға алаңдаушылық білдірді.

Ливиялық бес спортшы аз күнде Лондонға келуі тиіс еді.
XS
SM
MD
LG